Қазіргі әлемде қарқынды дамып келе жатқан технологиялық даму байланыс пен өзара әрекеттесу әдістерінің түбегейлі өзгеруіне әкелуде. Бұл өзгеріс арқылы халықтық дипломатия мемлекеттердің халықаралық аренада өзін таныту мен оң имидж қалыптастыру құралы ретінде маңызды рөл атқарады. Қоғамдық дипломатия шетел жұртшылығына мәдени құндылықтарды, сыртқы саяси мақсаттар мен ұлттық мүдделерді тиімді жеткізуді мақсат етеді. Соңғы жылдары әлеуметтік медиа платформалары үкіметтер үшін тез арада мақсатты аудиторияға қол жеткізу және олармен байланысу үшін қабылдаған негізгі құралдардың біріне айналды. Мемлекеттер осы платформалар арқылы стратегиялық байланыс әдістерін дамыту арқылы жаһандық аренада ықпалды орын алады.
Әлеуметтік медиа платформалары 2000 жылдардың басында пайда бола бастады. Facebook 2004 жылы құрылды, сондай-ақ аз уақыт ішінде бүкіл әлем бойынша қолданыла бастады. YouTube 2005 жылы, Twitter 2006 жылы, Instagram 2010 жылы құрылып, әлемдік деңгейде танымал болды. Ақырында, 2016 жылы негізі қаланған TikTok қысқа уақыт ішінде бүкіл әлем бойынша үлкен пайдаланушы базасын жинады. Бұл платформалар әлеуметтік медианың қарқынды дамып келе жатқан табиғатымен бірге адамдардың күнделікті өмірінде қарым-қатынас, ақпарат алмасу және ойын-сауық сынды таптырмас құралына айналды.
Олар қалың бұқараға үндеуде теледидар мен радионы тез басып озып, жеке адамдар мен қоғам үшін негізгі ақпарат көздеріне айналды. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға ұсынылған өзін-өзі көрсету мүмкіндігі қарым-қатынастың екі жақты болуына мүмкіндік берді. Осылайша, әлемнің түкпір-түкпіріне ең жылдам әрі үнемді қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Жеке сектордағы компаниялар бірінші кезекте осы платформалардан пайда көрсе де, мемлекеттер де осы байланыс платформаларында өздері үшін қауырт орын алуда (Adesina, 2016).
Корпоративтік тұрғыдан цифрлық платформаларды пайдалану бөлімшесін құрған елдерде Америка Құрама Штаттары (АҚШ) көш бастап тұр. eDiplomacy Task Force 2002 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментімен цифрлық құралдар мен технологияларды пайдалана отырып, дипломатиялық қызметті және жаһандық байланысты нығайту үшін құрылды (Хансон, 2012; Коллинз, 2019). Осындай бөлімше және ұйымдастыру шаралары әртүрлі елдерде ұқсас түрде пайдалануға берілді, сонымен бірге мемлекеттер жүргізетін қоғамдық дипломатия күш-жігеріне ықпал ететін болды. Олардың кейбіреулері 2008 жылы Біріккен Корольдіктің Сыртқы істер, Достастық және даму кеңсесі цифрлық дипломатия стратегиясы негізінде құрылған Цифрлық дипломатия бөлімі, 2010 жылы құрылған Еуропалық Одақтағы Еуропалық Сыртқы істер қызметі (EEAS) және Түркі әлемі мемлекеттері арасында 2018 жылы Түркияда құрылған Түркия Республикасының Президенттің жанындағы Байланыс басқармасы жүзеге асырылатын цифрлық дипломатия іс-шаралары мысал бола алады.
Әлеуметтік медиа платформаларының арасында Twitter мемлекеттер мен үкімет шенеуніктері үшін сыртқы саясат, дағдарысты басқару және маңызды мәлімдемелермен бөлісетін ең таңдаулы платформаға айналды. Үкімет қызметкерлері, елшіліктер және дипломатиялық өкілдіктер өздерінің саяси ұстанымдары мен хабарландыруларын жылдам тарату үшін Twitter арқылы бүкіл әлемдегі аудиторияға тікелей қол жеткізе алады. Facebook және Instagram сияқты басқа платформалар негізінен кең ауқымды ақпарат пен визуалдық мазмұн үшін пайдаланылғанымен, Twitter қысқа да нұсқа әрі жедел хабарларды бөлісу үшін ерекшеленеді (Манор, 2020).
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 178 елдің 856-дан астам мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлерінің Twitter-де аккаунттары бар. Бұл сандар әлем көшбасшыларының барлығы дерлік Twitter-ді қолданатынын көрсетеді (Twiplomacy.com, 2017). Жазылушылар саны әлеуметтік желілердегі өзара әрекеттесу көлемі мен қамтылуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан көшбасшылардың арасында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди 102,4 миллион адаммен Twitter-дегі ең көп жазылушыларға ие. Басқа қызықты жетекші көшбасшылардың қатарында АҚШ президенті Джо Байден 38,6 миллион жазылушысы болса, ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғандың 21,6 миллион жазылушысы бар (Twitter, 2024).
Ел халқының санын да, халықаралық аренадағы танымалдылығын да ескере отырып, Нарендра Модидің неге ең танымал көшбасшылар қатарында екенін аңғаруға болады, себебі оның елінде 1,4 миллиардтан астам халық бар, сонымен бірге ол әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады (Twitter, 2024). 335 миллионнан астам халқы бар АҚШ-тың президенті Джо Байденнің жазылушы саны 38,6 миллионға жетсе, 80 миллион халқы бар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның 21,6 миллион жазылушысы болуы оның жолдаулары мен ойларының өз елінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жіті бақыланатынын көрсетеді. Ұқсас бір салыстыру жасайтын болсақ, Франция президенті Эммануэль Макронда 9,9 миллион жазылушысы бар болса, Германия канцлері Олаф Шольц үшін бұл көрсеткіш шамамен 927 мың (Twitter, 2024).
Осы жалпы көзқарас аясында түркі әлемі елдерінің әлеуметтік медиа платформаларын өздерінің мемлекеттік саясатын басқару үшін қалай пайдаланатынын қарастыратын болсақ, Түркияның әртүрлі әлеуметтік медиа платформаларындағы көрінуін және корпоративтік перспективасын құруда басқа елдерге қарағанда белсендірек жұмыс атқарып жатқаның байқауға болады (Будак, 2022). Осы тұрғыда 2018 жылы қоғамдық дипломатияның ең негізгі талаптарының бірі болып табылатын сыртқы саяси басымдықтар мен сезімталдықтарды әлемдік қоғамдық пікірге тиімдірек көрсету мақсатында Президент жанынан Байланыс басқармасы құрылды. Дәл осындай деңгейдегі құрылым түркі әлемінің басқа елдерінде әлі де негізі салынбаған.
Мемлекеттік құрылымдағы қоғамдық дипломатияны жүргізуде ең белсенді рөл атқаруы тиіс министрліктердің бірі болып табылатын сыртқы істер министрліктерінің Twitter-дегі ықпалын өлшеу үшін қолданатын ең негізгі құралдардың бірі – жазылушылар саны мен олардың tweet санын салыстыру. Түркі әлемі елдері арасында атап айтқанда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия Сыртқы істер министрліктерінің Twitter парақшаларын салыстырғанда Түркия Сыртқы істер министрлігі 1,8 миллион жазылушысы және жазган 28,7 мың tweet-пен көш бастап тұр.
Басқа елдердің Сыртқы істер министрлігінің ресми Twitter аканттарының жазылушылардың саны мен өзара әрекеттесу көрсеткіштерін салыстырған кезде, цифрлық дипломатияда Әзербайжанның көзге түсетіні байқалады. Екінші орында 205,200 жазылушы және 17,500 tweet-пен Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі тұр. Алайда, Қырғызстанда 9,921 жазылушысы және 4,338 tweet, Өзбекстанда 7,948 жазылушысы мен 1,835 tweet і бар. Қазақстан 52,900 жазылушысы мен 15,200 tweet-пен Әзербайжаннан кейін келеді. Әзербайжанның бұл саладағы табысы оның цифрлық ортада қоғамдық дипломатияны тиімді пайдаланатынын және Twitter-ді осы контексте маңызды құралдардың бірі ретінде қабылдағанын көрсетеді. Халық саны жағынан Түркиядан басқа Түркі әлемі елдерімен салыстырғанда Әзербайжанның кеңірек аудиторияға қол жеткізу мүмкіндігі үнемі белсенді түрде әлеуметтік медианы қолдану стратегиясының тиімділігімен де ерекшеленеді.
Осы шеңберде көшбасшылар туралы талдауымызды жалғастыратын болсақ, таңдалған түрік мемлекеттерінің басшылары арасында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 21,6 миллион адаммен алдынғы қатар да келеді. Одан кейін 1 миллион жазылушысы бар Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, 816,600 жазылушысы бар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі және 201,000 жазылушысы бар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің баспасөз қызметі орналасқан. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Twitter-ден гөрі, Instagram-ға көбірек назар аударатын көрінеді, онда 544,000 жазылушысы бар екен. Сондай-ақ басшылардың түрлі әлеуметтік медиа платформаларында өз аттарында немесе баспасөз кеңселерінде аккаунттары бар. Twitter-де мемлекет басшыларының қызметі өз елдерінің сыртқы істер министрліктерінің көрсеткіштеріне сәйкес келетін бір көрініске ие. Қазақстан мен Әзербайжанның Түркиядан кейін алдыңғы қатарда екені байқалса, Өзбекстан мен Қырғызстанның Twitter-де шектеулі жазылушылар аудиториясына жүгініп, Instagram мен Facebook сияқты басқа платформаларға көбірек көңіл бөлетіні көрінеді (Twitter, 2024; Instagram, 2024).
Барлық осы деректерге хабарлама мазмұнын талдауды қосқанда, нақтырақ көрініс пайда болады. Бес елдің сыртқы істер министрліктері жіберген соңғы 100 twit-ін қарастырсақ, елдер арасында ұқсас және әртүрлі орталықтар бар екені байқалады. Мәселен, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Twitter желісіндегі соңғы 100 twit-ін сараптасақ, жақында елге келген делегациялармен кездесулер, екіжақты кездесулер, сапарлар көзге түседі. Бұл жазбалар Қазақстанның дипломатиялық байланыстарының кең ауқымды қамтығанын және соңғы уақытта елге келетін делегациялардың маңызды назарда болғанын көрсетеді (Twitter, 2024).
Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің Twitter-дегі twit-тері көбінесе Сыртқы істер министрінің кездесулері мен сапарларына арналған осы жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымының 79-шы Бас Ассамблеясының отырысына байланысты болса керек. Бұл жағдай Қырғызстанның сыртқы саясатында басшылықтың дипломатиялық байланыстарына басымдық берілгенін және жалпы екіжақты кездесулерге баса мән берілгенін көрсетеді (Twitter, 2024).
Өзге екі елден айырмашылығы, Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің Twitter аккаунтында жасалған келісімдер мен жалпы ақпарат, басқа елдердің маңызды күндерін тойлау және мемлекеттік қызметкерлердің сапарлары туралы жазбалар бар. Өзбекстанның сыртқы байланыстарында символдық күндер мен келісімдерге баса назар аударылғаны, сондай-ақ осы тұрғыда корпоративтік хабарламаларға көбірек орын берілгені байқалады (Twitter, 2024).
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің Twitter-дегі жазбалары делегация кездесулерімен, шетелдік байланыстарымен және Бакудің өзінің сыртқы саясатына сай хабарламаларымен көзге түседі. Сонымен қатар, кең ауқымда экономика, көлік, сауда және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған пікірталастар мен коммуникациялық іс-шаралар жарияланған. Әзербайжанның сыртқы байланыстарындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа маңыздылығын көрсететін бұл жазбалар оның сыртқы саясатының экономикалық дамумен тығыз байланысты екенін көрсетеді (Twitter, 2024).
Түркия Сыртқы істер министрлігінің Twitter аккаунтындағы соңғы 100 жазбаны сараптау барысында, Түркияның сыртқы саясатындағы кең ауқымды әрекеттерін аңғаруға болады. Бұл посттарда Президент Режеп Тайып Ердоғанның сыртқы байланыстарынан бөлек, Сыртқы істер министрі, министр орынбасарлары мен консул өкілдерінің кездесулері, делегация кездесулері, конференциялар мен түрлі іс-шаралар кеңінен қамтылған (Twitter, 2024). Оның үстіне, жазбаларда Анкараның сыртқы саясат мәселелеріне қатысты ұстанымын нақты тұжырымдайтын суреттер мен мәлімдемелер бар екені назар аударарлық. Бұл жазбалар Түркияның белсенді және жан-жақты дипломатиялық стратегиясын ашып, көп өлшемді сыртқы саясатын көрсетеді. Түркияның екіжақты және көпжақты қарым-қатынастардағы әртүрлілігі және жаһандық мәселелердегі белсенді рөлі әсіресе дағдарысты басқару, энергетикалық саясат және аймақтық қауіпсіздік сынды салаларда ерекше ұстанымды көрсетеді.
Әлеуметтік медианың қоғамдық дипломатияға әсері ерекше, өйткені ол дәстүрлі коммуникация құралдарының шегінен шығып, әлдеқайда кең аудиторияға қол жеткізе алады. Twitter, атап айтқанда, мемлекеттерге дипломатиялық хабарламаларын жылдам әрі тиімді ақпарат тарату құралы ретінде бүкіл әлемге таратуға мүмкіндік береді. Жедел және қысқа мазмұн мемлекеттерге сыртқы саяси оқиғалар мен дағдарысты басқаруға қатысты өз ұстанымдарын айқын көрсетуге болады, сонымен қатар аудиториямен тікелей өзара оңтайлы қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді. Осылайша, мемлекеттер тек әлеуметтік медиа платформалары арқылы ақпарат алмасумен шектеліп қоймай, сонымен қатар қоғаммен тікелей қарым-қатынаста болады. Бұл екі жақты коммуникация мақсатты аудиторияны тереңірек қатысу үдерісіне тартып, мемлекеттердің халықаралық аренада өз хабарламаларын неғұрлым тиімді жеткізуіне мүмкіндік береді (Мазумдар, 2021).
Әлеуметтік медиа стратегиялары енді тек мекемелердің ресми мәлімдемелерімен шектелмей, көшбасшылардың жеке брендімен тікелей байланысты бола бастады. Мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды көшбасшылар сыртқы саясат пен халықаралық қатынастарда жеке ықпалды күшейтуде Бұл көшбасшылар өз қауымдарымен жеке байланыс орнатып, мекемелерге қарағанда адамдарға әлдеқайда үлкен әсер қалдырады. Режеп Тайып Ердоған мен Нарендра Моди сияқты көшбасшылар өз елдерінің саясатын ұсынып қана қоймай, жеке харизмасымен жаһандық қоғамға әсер ететін тұлғаларға айналды. Бұл көшбасшылардың әлеуметтік желілердегі қатысуын нығайтады және олардың саяси сөйлемдерін қолжетімді әрі тиімді етеді. Болашақта жеке тұлғалар рөлінің одан әрі өсуі көшбасшылар әлеуметтік медиа стратегияларының орталығында болатын трансформацияны білдіреді.
Аталмыш түркі әлемі мемлекеттерінің цифрлық дипломатия мүмкіндіктерін пайдалану оларды жаһандық сахнада айқынырақ көрсетуі мүмкін. Twitter сияқты әлеуметтік медиа платформалары елдердің саясатын ғана емес, сонымен бірге олардың мәдени құндылықтары мен дипломатиялық бастамаларын әлеммен бөлісудің маңызды құралы болып табылады. Бұл елдер осы уақытқа дейін бұл салада мұқият әрі стратегиялық қадамдар жасай бастағанымен, белсенділік таныту арқылы халықаралық қоғамдық пікірде берік орын ала алады. Болашақта олар белсенді тәсілдер арқылы өз дауыстарын ести алады және халықаралық аренада белсенді рөлдерді қабылдай алады.
Дереккөз:
Адесина, Олубукола (2016). Цифрлық дипломатия дәуіріндегі сыртқы саясат. Сілтеме: https://www.tandfonline.com/doi/full/10.1080/23311886.2017.1297175. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Будак, Мұхаммед (2022). Қоғамдық дипломатия және цифрлық байланыс. Сілтеме: https://dergipark.org.tr/en/pub/erciyesiletisim/article/997103. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Коллинз, Стивен (2019). Хэштег дипломатиясы: Twitter қоғамдық дипломатия және АҚШ сыртқы саясатын ілгерілету құралы ретінде. Брендинг және қоғамдық дипломатия, 15: 78-96.
Хансон, Фергус (2012). АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі электронды дипломатияның тарихы. Сілтеме: https://www.brookings.edu/articles/the-history-of-ediplomacy-at-the-u-s-department-of-state/. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Instagram (2024). Садыр Жапаровтың Instagram парақшасы. Сілтеме: https://www.instagram.com/sadyr_japarov/?hl=en. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Манор, Илан және Сегев, Элад (2020). Әлеуметтік медианың ұтқырлығы: онлайн дипломатияда Twitter желілерін пайдалану. Сілтеме: https://onlinelibrary.wiley.com/doi/abs/10.1111/1758-5899.12799. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Мазумдар, Тео (2021). Цифрлық дипломатия: Интернетке негізделген қоғамдық дипломатия қызметі немесе қоғамды тартудың жаңа нысандары? Брендинг және қоғамдық дипломатия, 20, 24-43.
Twiplomacy.com (2017). Twiplomacy Study 2017. https://www.twiplomacy.com/twiplomacy-study-2017.
Twitter (2024). Джо Байденнің Twitter парақшасы. Сілтеме: https://twitter.com/JoeBiden. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Twitter (2024). Нарендра Модидің Twitter парақшасы. Сілтеме: https://twitter.com/narendramodi. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Twitter (2024). Қасым-Жомарт Тоқаевтың Twitter парақшасы. Сілтеме: https://twitter.com/TokayevKZ. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Twitter (2024). Режеп Тайып Ердоғанның Twitter парақшасы. Сілтеме: https://twitter.com/RTErdogan. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Twitter (2024). Шавкат Мирзиёевтің Twitter парақшасы. Сілтеме: https://x.com/president_uz?ref_src=twsrc%5Egoogle%7Ctwcamp%5Eserp%7Ctwgr%5Eauthor. Қаралған уақыты: 01.10.2024.
Twitter (2024). Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің Twitter парақшасы. Сілтеме: https://x.com/AzerbaijanMFA?ref_src=twsrc%5Egoogle%7Ctwcamp%5Eserp%7Ctwgr%5Eauthor. Қаралған уақыты: 28.09.2024.
Twitter (2024). Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Twitter парақшасы. Сілтеме: https://x.com/MFA_KZ?ref_src=twsrc%5Egoogle%7Ctwcamp%5Eserp%7Ctwgr%5Eauthor. Қаралған уақыты: 28.09.2024.
Twitter (2024). Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің Twitter парақшасы. Сілтеме: https://x.com/MFA_Kyrgyzstan?ref_src=twsrc%5Egoogle%7Ctwcamp%5Eserp%7Ctwgr%5Eauthor. Қаралған уақыты: 28.09.2024.
Twitter (2024). Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің Twitter аккаунты. Сілтеме: https://x.com/uzbekmfa?ref_src=twsrc%5Egoogle%7Ctwcamp%5Eserp%7Ctwgr%5Eauthor. Қаралған уақыты: 28.09.2024.
Twitter (2024). Түркия Сыртқы істер министрлігінің Twitter аккаунты. Сілтеме: https://x.com/MFATurkiye?ref_src=twsrc%5Egoogle%7Ctwcamp%5Eserp%7Ctwgr%5Eauthor. Қаралған уақыты: 28.09.2024.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

