Қазақтың халық медицинасын қарастырғанда бірқатар мәселелерді кешенді түрде қамту қажет деп есептейміз. Себебі, халық медицинасы ғасырлар бойы ұлттың өмір тәжірибесінде қалыптасқан ілім болғандықтан, оның сан салалы қырлары өте мол. Сондықтан, халық медицинасын дәстүрлі шаруашылық жүйесімен, қоныстану, тамақтану жүйесімен және киім-кешектің қызметімен тікелей байланыстыруымыз қажет. Осы тұрғыда қарастырылып отырған халық медицинасының емдеу тәсілдерін екі жүйеге бөліп қарастыруға болады. Бірінші, рационалды емдеу тәсілдері болса, екіншісі, иррационалды емдеу тәсілдері. Рационалды емдеу тәсілдеріне шөппен және жануарлар арқылы емдеудің түрлері жатады. Сонымен қатар, оташылық пен сынықшылық та осы жүйеге кіреді. Ал, иррационалды емдеу тәсілдеріне магиялық жолмен атқарылатын емдеу түрлері жатады. Оның қатарында ұшықтау, дем салу, бақсылық және т.б. ерекше атап өтуге болады.
Қазақ халқының көшпелі өмір салты денсаулық, ауру ұғымдарының мәні мен мазмұнының тереңде екендігін көрсетеді. Оны жоғарыда атап өткендей, шаруашылық жүйе мен қоныстану жүйесімен тікелей байланыстыра аламыз. Мысалы, халықтың шаруашылық жүйеде экологиялық мәдениетті қатаң сақтауы денсаулықтың күтімінің ерекше назарда болғанын көрсетеді.
Осы қалыптасқан жүйенің нәтижесі халық медицинасының қалыптасуына алып келді. Өз кезегінде, халық медицинасының дәстүрлі қоғамдағы орны ерекше болды. Себебі, қазақтар арасындағы емші, тәуіп, дәрігер, бақсы және т.б. атаулар тікелей халық медицинасының жан-жақты дамығандығын көрсетеді. Халық медицинасын этнографиялық сипаттамасы мен қолданыс аясының кеңдігіне қарай әртүрлі деңгейде зерттеулер жүргізілген. Мысалы, қазақтың халық медицинасының зерттелу тарихына көз жүгіртетін болсақ, ол XIX ғасырдың екінші жартысында қолға алына бастады. Себебі, осы кезеңдегі қазақ жерін жан-жақты зерттеуге кіріскен патша үкіметі халық медицинасында қамтып өтті. Алайда, бұл кездегі зерттеушілердің мақалалары көп жағдайда халықтың иррационалды емдеу жүйелеріне аса мән берген. Атап айтсақ, қазақ жеріндегі бақсылықтың көрінісін жан-жақты көрсетуге тырысты.
Халық медицинасы жөнінде жазылған жарияланымдарға назар аударатын болсақ, олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелікке толы. Мысалы, А.Е. Алекторовтың «Болезни киргизов и средства врачевания их» атты көлемді мақаласында қазақтардың негізгі аурулары мен оны емдеу шаралары жазылған. Автор өз еңбегінде қазақтарда кездесетін тері аурулары, бас ауруы, жұқпалы өкпе ауруы және т.б. атай келіп, оның емделу жолдарына мән береді. Мақалада аталмыш аурулардан молданың, бақсының, тәуіптің көмегімен емделетінін көрсетеді [Алекторов, 1900]. Жалпы, А.Е. Алекторовтың еңбектерінде қазақтардың тамақтану жүйесіне де мән берілген. Соның ішінде қымыздың адам денсаулығына пайдасы мен оның қандай ауруларға ем болатыны да көрсетіледі. Бұл жөнінде К. Носиловта өзінің «Среди наших инородцев» атты еңбегінде жазып өтеді. Автордың шығармаларында қазақ оқушыларының келбетін сипаттай келіп, олардың денсаулығының мықтылығын құнарлы тамақ және таза ауамен байланыстырады [Носилов, 1903]. Сонымен қатар, 1894 жылы Киргизская степная газетада А-ов О. деген автордың «Баксы и дуаны» атты мақаласы жарық көрген. Мұнда қазақ қоғамындағы халық медицинасындағы бақсылықтың мәніне жан-жақты тоқталған. Соның ішінде бақсылықтың әкеден балаға қонатын қасиетін және бақсылардың көбінесе ер адамдардың болатынын көрсетеді. Сонымен қатар, бақсылар әртүрлі жүйке ауруымен ауырады дей келе олардың бақсылық ғұрыптарының ерекшелігіне тоқталады [А-ов, 1894]. Сондай-ақ, мақалада дуаналарға да тоқталып, олардың қызметі жөнінде де пікір білдіріледі. Ал, 1895 жылғы Астраханьский вестник газетінде «Киргизская медицина» атты мақала жарық көрген. Бұл мақалада Қоян атты бақсының емдеу тәсілдері беріледі. Бұл жерде Қоян бақсының жылқы арқылы сынықты салғаны және пышақпен емдеу тәсілдері берілген [Киргизская медицина, 1895]. Сондай-ақ, қазақ бақсыларының негізгі емдік, әуендік құралы – қобыз болған. Қара қобыз өзінің негізгі тетіктері жағынан кәдімгі қобыз болуымен қатар, өзіндік ерекшелігі де бар. Сонымен қатар, бақсылар ем жасау кезінде қазақтың өзге де музыкалық сазды аспаптары: аса таяқ, даңғыра, домбырамен қатар, кісі сескенерлік қамшы, пышақ та пайдаланған. Қазіргі кезде бақсылардың емдеу шараларында пайдаланылған қобыздары ұрпақтарының үйінде арнайы кие тұтып сақталынып келеді. Сонымен қатар, әртүрлі тарихи-өлкетанулық музейлерде де бақсы қобыздары сақталған. Дәл осындай бақсы қобыздарының бірқатары Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорында сақталған. Музей қорындағы бақсы қобыздарының ең көнесі XVIII ғасырға жататын Жарас бақсының қобызы болып табылады. Сонымен қатар, XIX ғасырда өмір сүрген белгісіз бақсылардың да қобыздары сақталған [ХМАМ, 2020]. Жалпы, қазақ бақсылығында қобызды көп қолдануы арнайы әдебиеттерде де кездеседі.
Қазақ халқының дәстүрлі медицинасында қасиетті жерлерді зиярат ету арқылы да ем іздеу жолдары сақталған. Бұл қазіргі кезге дейін жалғасып келе жатан үрдіс болып табылады. Мысалы, дертіне шипа іздеген, бала көтермеген әйелдер осындай киелі жерлерге барып сыйынып, арнайы ырымдарын жасаған. Бұл жөнінде 1892 жылы Витебские Губернские Ведомостиде «Қоныр әулие» атты мақала жарияланған. Мақалада Семей өңіріндегі Қоңыр әулие атты киелі мекенге халықтың зиярат етіп, құрбан шалып, еміне шипа іздейтіндігі жазылады [Витебские Губернские Ведомости, 1892]. Мұндай үрдістер қазақ даласында кеңінен дамыған деуге болады. Ал, Ә. Диваевтың қазақтың дәстүрлі тұрмыс тіршілігіне арналған көптеген еңбектері шыққан. Соның ішінде халық медицинасына да қатысты мақалалары жетерлік. Мысалы, «Из области киргизских верований. Баксы как лекарь и колдун» атты мақаласында бақсының дәстүрлі көшпелі өмірде жүйке аурулары, әйелдің босануы, буын ауруларында және басқа да ауруларда кеңінен қолданылатыннын жазады. Негізінен бұл ауруларды қазақтар магиялық күштермен байланыстырған. Соған сәйкес шақырылған бақсы бірнеше күн қобызда ойнап, жын шақырған, сосын бір қойды сойғызып етін құдайы ретінде елге таратып берген. Ал, сүйегі мен терісін алып қалған. Бақсы сойылған малдың терісі мен сүйегін және ауруды бірге алып кетіп, бір жерлерге барып ошақ қазып, содан ауруды өткізіп емдейтін болған. Жалпы, мақалада бақсының адамдарды емдеудің бірнеше түрі қарастырылған [Диваев, 1899]. Ә. Диваевтың осы тақырыпқа байланысты «Баксы» [Диваев, 1907], «Киргизские болезни и способы их лечение» [Диваев, 1907] және т.б. еңбектерінде көкірек құрт, көк жөтел сияқты ауруларды емдеу жолдары бар. Соның ішінде ауруды бәдік айту арқыл емдеу жөніде Ә. Диваевтың «Киргизские болезни и лечение их посредством пения «бедик» [Диваев, 1907].
Бақсының қобыз арқылы емдеу тәсілдері жөнінде 1895 жылы Жильцовта мәлімет беріп өтеді. Ол өзінің «Баксы» атты мақаласында бақсылардың қобыз арқылы емдейтінің айта келе, әр бақсының өз жыны болатынын айтады. Олар емдеу барысында жынын шақырып, сол арқылы емдейтінін жазады [Жильцов, 1895]. XIX ғасырдың екінші жартысында бақсылар жөнінде көптеген мақалалар жазылды. Ал, халық медицинасының рационалды емдеу тәсілдері жөнінде жазылған еңбектер өте аз. Мысалы, И. Лосьевтің «Медицина в киргизской степи» атты мақаласында қазақ даласындағы бақсы мен дуаналар жөнінде сөз ете келе, қазақтардың негізгі аурулары мен оларды емдеу жолдары жөнінде айтылады. Сондай-ақ, бақсы мен дәрігердің ара жігін ажыратып жазады. И. Лосьевтің зерттеуінде дәрігер адамды әртүрлі шөптерден дәрі жасап емдейтін болса, бақсы неше түрлі магиялық тәсілдер арқылы емдейтінін айтады [Лосьев, 1874]. Бақсының емдеу тәсілдері жөнінде П-в А. «Как лечат баксы» атты мақалада бақсының емдеу тәсілдерін жан-жақты суреттейді және бақсының бір күн бұрын ауру қыз жайында өз жындарынан біліп отырғанын айтады [П-в, 1896]. Сонымен қатар, халық медицинасы жөнінде В.Н. Плотниковтың «К киргизской народной медицине» атты мақаласы құнды болып табылады [Плотников, 1892].
Ал, А. Виноградский «Знахарство в средне-азиатской деревне» атты мақаласында Жетісу өлкесіндегі бақсылық жайында жазылады. Сонымен қатар, адамдардың неліктен бақсыға жүгінетіні аталып өтеді [Виноградский, 1909]. Ал, А. Васильевтің «Народное способы и средства, употребляемые при лечений болезней киргизами Тургайской области» мақаласында халық медицнасының негізгі тәсілдері қарастырылады [Васильев, 1901].
XIX ғасырдың екінші жартысында зерттеулердің көпшілігі бақсылыққа мән берілген. Алайда, оның ішінде құмға түсу және қымызбен емделу жолдары да кездесіп қалады. Мысалы, «Киргизское лечение песком» атты мақалада Түркістандағы құмға түсу арқылы емделудің тәсілдері жазылған [Киргизское лечение песком, 1907]. Бұл қазақтың халық медицинасының жан-жақтылығын көрсетеді. Сонымен қатар, халық медицинасындағы әртүрлі категориялардың қалыптасуы халық медицинасының немесе ел ішіндегі дәстүрлі емделу жолдарының ілгері дамығанын байқатады.
Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-санасын әр автор өзінше түсінген. Оның ішінде, М.Я. Ястребов молда, бақсы, балгер, тәуіпті ілгерідегідей дәрігер атамай, қырғыз шамандары дейді [Ястребов, 1851].
Ал Ш.Ш. Уалихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Тәңірі» атты еңбектері қазақ халқындағы бақсылық жайлы өте құнды мәліметтер береді [Уәлиханов, 1993]. Ғалым былай деп жазады: «Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары. Қазақтар шаманды бақсы дейді [Уәлиханов, 1993]. Қазақтың халық медицинасы тақырыбында осы сияқты көптеген зерттеулер жүргізілді. Оның ішінде далалық өлкедегі халық денсаулығы мен оны емдеу тәсілдеріне жалпылама сипаттама берген мақалалар жетерлік. Алайда, нақты осы тақырып төңірегінде зерделенген еңбектер өте аз.
Қорытындылай келе, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың халық медицинасына арналған еңбектер Патшалық Ресейдің отаршыл саясаты шеңберінде зерттелді. Қазақ даласында зерттеу жүргізген әскерилер мен топографтар қазақ халқының медициналық сауатын барынша Сібір халықтарына ұқсатуға тырысты. Нәтижесінде бақсылықты шамандықпен байланыстырды. Сонымен қатар, осы бақсылық арқылы қазақ даласындағы сынықшылық пен оташылық, дәрі-дәрмек жасау тәсілдері және басқа да әдіс-тәсілдер арқылы емдеу жолдары ескерілмеді. Революцияға дейінгі деректер мен зерттеулерде халық медицинасының осылай көрініс табуы, қазақ халқының ауру, емделу шаралары, наным-сенімдері, шаруашылық және тамақтану жүйесінің бөлек қарастыруға алып келді. Алайда, қазақтың дәстүрлі медицинасы XX ғасырдың басына дейін дамуын тоқтатпады.
Дереккөз:
Алекторов А.Е. (1900). Болезни киргизов и средства врачевания их // Оренбургский Листок, 1891 г., № 2. В кн. Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах. – Казань. – 985 с.
А-ов, О. (1894). Баксы и дуаны // Киргизская Степная Газета. – № 36.
Васильев А. (1901). Народное способы и средства, употребляемые при лечений болезней киргизами Тургайской области // ТГ. – №4,6.
Виноградский А. (1909). Знахарство в средне-азиатской деревне // Туркестанский сборник. Т. 515. С. 37–43.
Витебские Губернские Ведомости. (1892). Конур-Аулие // Витебские Губернские Ведомости». – № 63.
Диваев, А.А. (1899). Из области киргизских верований. Баксы как лекарь и колдун // Известия Общества Археологии, Истории и Этнографии. – Т. XV. – Вып. 3. – С. 307–344.
Диваев А. (1907). Баксы // ЭО. – №4. – С. 123–125.
Диваев А. (1907). Киргизские болезни и способы их лечение // Туркестанский сборник. – Т. 440. – С. 46–50.
Диваев А. (1907). Киргизские болезни и лечение их посредством пения «бедик» // Туркестанский сборник. – Т. 440. – С. 20–21.
Жильцов. (1895). Баксы // Тургайская Газета. – № 7.
Киргизское лечение песком (1907). Туркестанский сборник. – Т. 433. – С. 116.
Киргизская медицина (1895). Астраханский Вестник». – № 1949.
Лосьев И. (1874). Медицина в киргизской степи // Московская Медицинская Газета. – №28. – С. 864.
Носилов К. (1903). Среди наших инородцев. Очерки и рассказы. – СПб. – 138 с.
П-в А. (1896). Как лечат баксы // Киргизская Степная газета. – № 20.
Плотников В.Н. (1892). К киргизской народной медицине // Восточное Обозрение. – № 45.
Уәлиханов Ш. (1993). Қазақтардағы шамандықтың қалдығы / Қазақ бақсы-балгерлері. – Алматы: Ана тілі. – 223 бет.
ХМАМ. (2020). Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қоры. Алматы қаласы.
Ястребов М.Я. (1851). Киргизские шаманы // Москвитянин. – №8. кн. 2. – С. 306.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Қазіргі таңда Жайлыбаев Дәулет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып қызмет атқарады. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнология кафедрасында магистратураны аяқтап, «Қазақстандағы әзербайжандар: этномәдени үрдістер» атты тақырыпта диссертация қорғады.