Соңғы жылдары қоршаған орта мен табиғатты қорғау және тұрақты жасыл энергия ресурстарын пайдалануды ілгерілету кезінде көміртегі шығарындылары мәселесі жиі халықаралық қоғамның негізгі күн тәртібінің біріне айналды. Ұлттық деректерге сүйенсек, Орталық Азия елдерінде көмірді пайдалану артып келеді. Бұл көмірдің өңірдегі энергия қажеттілігін қамтамасыз етуде әлі де маңызды рөл атқаратынын және осы қуат көзіне тәуелділіктің күшейе түскенін көрсетеді.
Көмір экономиканың өсуі мен өнеркәсіп өндірісінің негізгі энергия көзі ретінде пайдаланылады. Алайда, бұл пайдаланудың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері және оның көміртегі шығарындыларына ықпалы жеткілікті түрде ескерілмейді. Осы тұрғыда тұрақты энергетикалық ресурстарға бағытталған саясат пен инвестициялардың маңыздылығы артып келеді. Орталық Азия елдері үшін көмірге тәуелділікті азайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін стратегиялық қадамдар жасау қажеттілігі бірінші орынға шығады.
Global Energy Monitor-дың (GEM) «2024 жылы көмірдің бумы мен құлдырауы: Көмір энергиясының жаһандық жоспарын қадағалау» атты жыл сайынғы баяндамасы соңғы онжылдықта Орталық Азиядағы көмірмен жұмыс істейтін электр энергиясын өндіру үлесінің екі есеге өскенін хабарлайды (Globalenergymonitor.org, 2024). GEM деректеріне сәйкес, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда жаңа көмірмен жұмыс істейтін электр қуатын өндіру жоспарлары 2013 жылғы 3,9 ГВт-тан 2023 жылы 8,1 гигаваттқа (ГВт) дейін ұлғайтылды. Бүгінде аймақтағы электр қуатының 45 пайызы көмірге тиесілі. Түркіменстан табиғи газды электр энергиясын өндіру үшін пайдаланатындықтан, бұл туралы деректер GEM есебіне кірмеді.
Жалпы, GEM есебінде көмірмен жұмыс істейтін энергия өндірісі көптеген аймақтарда қысқарғанымен, Орталық Азияның бірде-бір мемлекеті көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын жабуды немесе өндірісті азайтуды көздемейтіні айтылған. Оның үстіне Орталық Азия елдерінде, керісінше, өндіріс көлемін айтарлықтай арттыру көзделуде. Сонымен қатар, баяндамада аймақтағы көмірмен жұмыс істейтін энергетиканы одан әрі дамыту қысқа мерзімді мәселелерді шешуі мүмкін, бірақ сайып келгенде, үкімет бюджетіне ауыртпалық түсіретіні айтылған. Көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары жақын болашақта өз шығындарын да өтей алмайтыны және әртүрлі қажетсіз әлеуметтік-экономикалық және экологиялық шығындарды тудыруы мүмкін екендігі баяндалған.
GEM есебіне сәйкес, 2023 жылы Орталық Азияда көмірден өндірілетін 16,8 ГВт электр энергиясының 60%-дан астамы ескі электр станцияларында өндіріледі. Осы ретте айта кететін жайт, көмір стансасының оңтайлы қызмет ету мерзімі 40 жыл. Нысандарды осы мерзімнен тыс пайдалану ауаның шамадан тыс ластануы мен дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты «ауыр қауіптер» тудырады. Қыстың суық айларында істен шығу ықтималдығы жоғары болғандықтан, ескі жылу электр станциялары үшін қауіптер одан да артады. Мамандардың айтуынша, жаңа көмір қуатын құру Орталық Азия үшін қауіпті стратегия болып табылады және бұл елдер жаңартылатын энергияға, энергияны сақтауға, ақылды энергия желілеріне және энергия тасымалдау инфрақұрылымына басымдық беруі керек.
Қазақстан жасыл экономиканы ілгерілету бойынша Орталық Азияда көшбасшы болғанымен, көмірді ең көп тұтынатын ел. 2023 жылдың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парниктік газдар шығарындыларын азайтуды көздейтін Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті (Adilet.zan.kz, 2023). 2023 жылдың соңында Қазақстан да метан жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылды. Өйткені жанармай өндіру нәтижесінде пайда болатын метан шығарындылары да жаһандық жылынуды тудырады. Дегенмен, сол жылы Қазақстан көмір қуатын 4,6 ГВт-қа ұлғайту жоспарын жариялады. Нәтижесінде, GEM есебіне сәйкес, 2023 жылы іске қосу шешімімен Қазақстан өндірістік қуаты бойынша Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр (Globalenergymonitor.org, 2024).
Қазақстандағы өндіріс қуатын кеңейту жоспарларының ішінде Павлодар облысының солтүстігіндегі Екібастұз қаласында екі жаңа ірі жоба жүзеге асырылады; Оның бірі – Екібастұз ГРЭС-2-ні жаңғырту болса, екіншісі – жаңа Екібастұз ГРЭС-3-тің құрылысы. Осы тұста айта кететін мәселелердің бірі – Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған көмір электр станцияларының ешқайсысының жұмыс істеу мерзімі анықталмаған. Осы себепті олар әртүрлі модернизациялық зерттеулермен шексіз жұмыс істей алады (Russian.eurasia.net, 2024). Дегенмен, жоғарыда айтылғандай, көмір электр станцияларының қызмет ету мерзімі ең жақсы жағдайда да 40 жылдан аспауы керек. Баяндамада Орталық Азияның басқа елдерінің де осындай өндіріс қуатын кішірек көлемде арттыру жоспарлары мен бастамалары бар екені айтылған.
Мысалы, Қырғызстан ресейлік компаниялармен Жалал-Абад облысында жылына 0,7 ГВт өндірістік қуаты бар жаңа көмір стансасын салу туралы келісімге қол қойды. Жаңа жобаның жалпы құны 2,3 миллиард долларға бағаланады (Asiaplustj.info, 2023). Өзбекстан 2025 жылдың соңына дейін Ангрен ЖЭС-те әрқайсысының қуаты 300 МВт болатын екі заманауи көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС салуды жоспарлап отыр (Podrobno.uz, 2022). Сонымен қатар, Орталық Азиядағы ең үлкен көмір байлығына ие Қазақстандағы «Богатырь» көмір кенішіндегі өндірісті 2024 жылы 25 пайызға арттыру жоспарының бар болуы Орталық Азиядағы көмір өндіру көлемінің арта түсетінін көрсетеді. Осы оқиғалардың барлығы Қазақстан мен Қырғызстанның климаттың өзгеруімен күресуін қиындатады және оның шығындарын арттырады. Бұл жағдай аймақтағы басқа елдерге де қатысты.
GEM есебіндегі жаһандық үрдістер G7-дегі өнеркәсібі дамыған елдердің жалпы электр энергиясын өндірудегі көмір үлесі 2015 жылғы 23%-дан (443 ГВт) 2023 жылы 15%-ға (310 ГВт) дейін төмендегенін көрсетеді. Бірақ 2023 жылы көмірмен жұмыс істейтін электр энергиясын өндірудің жалпы көлемі 2130 ГВт-қа жетіп, 48,4 ГВт-қа (2%) өсті. Оның басты себебі – әлемдегі ең ірі көмір өндіруші және тұтынушы Қытайдың көмірді пайдалануды арттырғандығы. Бұл өсім жаһандық 48,4 ГВт өсудің үштен екі бөлігін құрайды (Globalenergymonitor.org, 2024).
Көмірден энергия алуға қатысты сынға түсетін мәселелердің бірі – оның ауаны ластауы. Осыған байланысты ауа сапасы бес елде де қажетті деңгейде емес. Орталық Азия елдеріндегі ауаның ластануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) белгілеген жылдық РМ2,5 деңгейінен 4,3-тен 12,6 есеге дейін жоғары. 2023 жылы Орталық және Оңтүстік Азия аймағы әлемдегі ең ластанған қалалардың ондығына кіреді. Мәселен, шаңды дауылмен күресіп жатқан Душанбеде тұрғындар ауаның ластануынан қыс айларында ғана емес, жыл бойы жағымсыз салдарға тап болып жатады.
Дүниежүзілік ауа сапасы жөніндегі баяндамаға сәйкес, Тәжікстан 2023 жылы ауасы ең ластанған бес елдің қатарына енді. Тәжікстандағы орташа жылдық PM2.5 концентрациясы ДДҰ жоспарынан 9 есе жоғары. Елде ауа сапасын бақылаудың кешенді жүйесі болмаса да, деректерге қол жеткізуде қиындықтар бар. Ал Ташкент 2020 жылы ең ластанған қалалар тізімінде 2024 жылы «қалыпты» позициясынан «қорқынышты» деңгейге түсіп, 18-ші орынды иеленді. Қала билігі электрлі автобустарға көшуге, жасыл желекті ұлғайтуға және қатаң өндірістік ережелерді енгізуге тырысуда.
2020 жылы Алматыда да ауаның жоғары ластануы тіркелді. Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі өршіл мақсатына қарамастан, көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларын салу жоспары бұл мақсатқа қол жеткізуге күмән тудырады. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өскемен мысалын келтіре отырып, бұл станцияларды негізгі ластаушылар деп атайды. Бұл қаладағы көмірмен жұмыс істейтін электр станциясы қаладағы ең үлкен ауаны ластаушы болып табылады. Орталық Азиядағы ауа сапасының дағдарысы ауа ағындары құбырларынан әлдеқайда асып түседі. Көптеген қалалардағы PM2.5 ластануының негізгі көзі әрқашан ойлағандай көлік емес, көмірді пайдалану болып табылады. Дүниежүзілік банк Тәжікстандағы PM2.5 концентрациясының 40%-ы қазба отынының жануымен тікелей байланысты деп есептейді (Canneca.org, 2024).
2024 жылдың 22 ақпанында Дүниежүзілік банк «2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу: Еуропа мен Орталық Азияның тұрақты энергетикалық болашағы» атты жаңа баяндамасын жариялады (Worldbank.org, 2024). Есепте дамушы Еуропа мен Орталық Азия елдерінің жаңартылатын энергияға көшу және қазба отындарына тәуелділіктен шығу жолдары көрсетілген.
Еуропа мен Орталық Азия өңірі 2040 жылға қарай газ бен көмірге тәуелділіктен шығып, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының 90%-ын жұмыстан шығаруы мүмкін. Дегенмен, Дүниежүзілік банк есебіне сәйкес, бұған қол жеткізу үшін қазбалы отынға субсидиялаудан бас тарту, жаңартылатын энергия көздеріне субсидияларды енгізу және дамыту, көміртегі шығарындыларына тарифтерді көтеру қажет.
Баяндамада Қазақстандағы көмірді пайдалануды қысқарту және Өзбекстандағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылықты жоюмен қатар, Орталық Азиядағы аймақтық газ саудасын жандандыру және Түркіменстаннан газ импортын арттыру арқылы Орталық Азия бойынша өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға болатыны айтылған. Еуропа мен Орталық Азияның тек тоғыз елінде көміртегі бейтараптығы бойынша мақсаттарға ие және олардың тек бесеуі ғана (Болгария, Армения, Хорватия, Қырғызстан және Румыния) 2050 жылға қарай және Түркия 2053 жылға қарай, ал Қазақстан, Ресей және Украина 2060 жылға қарай бұл мақсатқа жетуді жоспарлап отыр. Тағы 14 ел таза нөлдік шығарындыларға қол жеткізу бойынша ұлттық міндеттемені әлі қабылдаған жоқ. Баяндама Еуропа және Орталық Азия аймағындағы дамушы нарықтар мен дамушы экономикаларға ие Албания, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Босния және Герцеговина, Болгария, Хорватия, Грузия, Қазақстан, Косово, Қырғызстан, Молдова, Черногория, Солтүстік Македония, Польша, Румыния, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Украина және Өзбекстанды қамтиды.
Аймақ көмірге тәуелділіктен шығып, 2040 жылға қарай қоңыр көмір мен көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының 90 пайызын тоқтата алады. Дегенмен, кең таралған субсидиялар көмірден бас тартуды қиындатады. Көміртегі бейтараптығы 2060 мақсатына жету үшін 4,7 триллион доллар (аймақтық ЖІӨ-нің 3,9%) инвестиция қажет, оның басым бөлігін жеке сектор қамтамасыз етеді. Қазба отынының траекториясымен салыстырғанда, энергияға көшу үшін қажет қосымша инвестиция 872 миллиард долларды құрайды (Vsemirnyjbank.org, 2024).
Осы тұрғыда Орталық Азия елдерінің жасыл экономикаға тиімді және әділ өтуін қамтамасыз ету үшін ұлттық деңгейде қолданыстағы баға белгілеу тетіктерін реформалауға және әлеуметтік қорғау жүйелерін жетілдіруге басымдық берілуі тиіс. Таза энергияға жеке инвестицияларды ынталандыру үшін Орталық Азия үкіметтері инвесторларға ұзақ мерзімді жоспарлау көкжиектерін ұсынуы керек. Осы тұрғыда Қазақстан мен Өзбекстан жаңартылатын энергия көздеріне инвестицияларды ілгерілету және тиісті заңнамалық базаларды әзірлеуде аймақтағы басқа елдерден алда келеді. Олар сондай-ақ салыстырмалы түрде жетілген энергетикалық секторлар мен тиісті институционалдық инфрақұрылымды ескере отырып, энергияның ауысуына нарықтық көзқарасты қабылдауды жалғастыруы керек. Дегенмен, жеке энергетикалық ресурстары жоқ және су электр энергиясына қатысы жоқ жаңартылатын энергия көздерінің үлесі төмен Тәжікстан мен Қырғызстан үшін құрылымдық проблемаларды жеңуде сыртқы қолдау мен сараптама арқылы энергия тиімділігін арттыруға бағытталған тәсілді қабылдау орынды болып көрінеді. Бұған қоса, Азия даму банкінің (АДБ) Энергияға ауысу механизмі Орталық Азия елдеріне көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын мерзімінен бұрын тоқтатуға көмектесуі мүмкін. Бұл механизм қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген елдерінде жұмыс істейді және бұл тұрғыда аймақтағы кейбір елдердің көмір негізіндегі электр энергиясын өндіруге тәуелділігін ескерсек, Орталық Азия үшін үлкен үміт бар (Мейірханова, 2023).
Қорыта келгенде Орталық Азия елдері көмірге арқа сүйеуде, өйткені олар кеңестік дәуірден қалған инфрақұрылымды пайдалануды жалғастыруда және көмір кен орындары аймақта кең таралған. Кәдімгі отын түрін жалғастыру аймақ үшін жаңа болып табылатын жасыл энергияға көшуді кешіктіреді. Дегенмен, бұл аймақ елдері ауаның ластануын ескере отырып, көмір пайдалануды азайту арқылы жасыл энергияға көшу әрекеттерін назардан тыс қалдырмауы керек. Сонымен қатар, аймақтағы елдер энергияға сұраныстың артуына байланысты көмір негізіндегі энергияны алға жылжытудың орнына жасыл энергияға негізделген реформаларды арттыруға күш салуы керек. Мұны тез арада жүзеге асыру және пайдалану үшін жасыл энергетикада тәжірибесі бар елдермен және субъектілермен ынтымақтастық жобалары мен бағдарламаларының санын көбейтіп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды болып көрінеді.
Дереккөз:
Adilet.zan.kz (2023). Қазақстан Республикасының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекіту туралы. Сілтеме: https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2300000121. Қаралған күні: 18.06.2024.
Asiaplustj.info (2023). Ресей мен Қырғызстан 3,5 миллиард долларлық келісімге қол қойды. Сілтеме: https://asiaplustj.info/ru/news/centralasia/20231012/rossiya-i-kirgizstan-podpisali-soglasheniya-na-35-milliarda. Қаралған күні: 18.06.2024.
Canneca.org (2024). Орталық Азияның түтініне қалай батпаймыз? Сілтеме: https://caneecca.org/kak-ne-zadohnutsya-v-smoge/. Қаралған күні: 18.06.2024.
Globalenergymonitor.org (2024). Көмір 2024. Сілтеме: https://globalenergymonitor.org/report/boom-and-bust-coal-2024/. Қаралған күні: 18.06.2024.
Меирханова, Аружан (2023). Орталық Азиядағы климаттық қауіптер: энергияны әртараптандыру аймаққа көмектесе ме? Сілтеме: https://daviscenter.fas.harvard.edu/insights/klimaticheskie-riski-v-centralnoy-azii-pomozhet-li-regionu-diversifikaciya-energetiki. Қаралған күні: 17.06.2024.
Podrobno.uz (2022). Өзбекстан Ангрен жылу электр орталығында тағы екі энергоблок орнатуды жоспарлап отыр. Сілтеме: https://podrobno.uz/cat/obchestvo/uzbekistan-planiruet-postroit-eshche-dva-energobloka-na-angrenskoy-tes/. Қаралған күні: 18.06.2024.
Russian.eurasia.net (2024). Орталық Азия елдерінің көмірге тәуелділігі проблема туғызады – баяндама. Сілтеме: https://russian.eurasianet.org/. Қаралған күні: 17.06.2024.
Vsemirnyjbank.org (2024). Дүниежүзілік банктің жаңа есебі: Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері шешуші әрекет арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алады. Сілтеме: https://www.vsemirnyjbank.org/ru/news/press-release/2024/02/21/with-decisive-actions-net-zero-energy-is-within-reach-in-the-emerging-europe-and-central-asia-says-new-world-bank-report. Қаралған күні: 18.06.2024.
Worldbank.org (2024). 2060 жылға қарай таза нөлдік энергия: Еуропа мен Орталық Азияның тұрақты энергетикалық болашаққа сапарының кестесі. Сілтеме: https://www.worldbank.org/en/region/eca/publication/net-zero-energy-by-2060-charting-europe-and-central-asia-s-journey-toward-sustainable-energy-futures. Қаралған күні: 19.06.2024.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Қанапиянова Жулдыз Бақытқызы, 1986 жылы 26 желтоқсанда ШҚО-да туылған. 2004 жылы орта мектептi қызыл аттестатпен бiтiрген соң, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетiнiң халықаралық қатынастар факультетiне түседi. 2008 жылы халықаралық қатынастар бакалавр дәрежесiн күндiзгi бөлiмде шет тiлдердi меңгере отырып үздiк тамамдайды.