2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң басталған Ресей-Украина соғысының ауыр зардаптары өкінішке қарай әрі жалғасып келеді. Соғыс басталғалы екі жақтың әскери шығындары туралы әртүрлі мәліметтер мен болжамдар жасалсалса, ал, Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы кеңесінің (БҰҰ АҚЖК) мәліметі бойынша, 2022 жылғы 2 сәуірге дейін Украинадағы соғыста 1417 бейбіт тұрғын қаза тауып, 2038 бейбіт тұрғын жарақат алған [БҰҰ АҚЖК, 2022]. Алдымен Беларустың, одан кейін Түркияның ара ағайындығымен ұйымдастырған Ресей-Украина бейбіт келіссөздерінде біраз үміт күттіретін ілгерілеушілік байқалғанымен, екі жақ атысты тоқтату туралы түбегейлі келісімге келе алған жоқ. Ресей-Украина соғысының әлі қанша уақытқа созылатыны белгісіз болса да, оның қандай ықтимал аймақтық және жаһандық салдары болатыны әлемде ең көп талқыланған мәселелердің бірі болды. Ресей-Украина соғысы қазіргі жағдайдың өзінде екі ел үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ұзаққа созылатын зардаптар тудыратыны бесенеден белгілі. Ендеше, жаһандық үстемдікке ұмтылған Қытайға да атаомыш соғыстың әсер етпеуі мүмкін емес. Сондықтан, Ресей-Украина соғысының Қытайға ықтимал әсері де қарастырылуы қажет.
Ең алдымен, Қытай билігінің Ресей-Украина соғысына өте сақтықпен қарауға тырысып отырғанын айтуға болады. Өйткені Қытай Ресей-Украина соғысына байланысты екі ұдай болып отыр. Бәрінен бұрын, Қытайдың декі ұдайлығы – геосаяси және геостратегиялық екі ұдайлық. Әсілінде, геосаяси тұрғыдан алғанда, ұзақ жылдар бойы «бейбіт даму» ұрынын көтеріп жүрген Қытай Украинаның аумақтық тұтастығын сақтауды жақтауы керек еді. Сондай-ақ, Тайваньды өз территориясының бір бөлігі деп санап, басқа елдердің Қытайдың аумақтық тұтастығын құрметтеуін талап етіп келген ресми Пекин Ресейдің 2014 жылғы Қырымды аннексиялауына да, қазіргі Украинаға шыпқыншылығына да қарсы болуы керек-ті. Керісінше, геостратегиялық тұрғыдан алып қарағанда, АҚШ-ты өзінің бақталас бәсекелесі санайтын және АҚШ бастаған Батыс альянсына қарсы Ресейді стратегиялық серіктес көретін Қытай билігінің «шексіз әріптестік» қарым-қатынастағы Мәскеуді қолдау мүмкіндігі де болжанған болатын. Бірақ Қытай Ресей-Украина соғысының бірінші күнінде-ақ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығының сақталуы керектігін сыпайы түрде жеткізумен бірге, Ресейдің қауіпсіздік мүддесіне де құрметпен қарау қажеттігін мәлімдеді. Сонымен қатар, 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан Украина дағдарысының артында АҚШ тұр деп келген Қытай қазіргі соғысқа байланысты да АҚШ-ты арандатушы ретінде сынауды ұмытпады [Қытай СІМ, 2022]. Демек, Қырымның аннексиясын ресми түрде мойындамаған әрі айыптамаған Қытай енді Ресейдің Украинаны басып алуына араласудан аулақ болуды жөн көрді. 2014 жылғы 14 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдаған қарардан қалыс қалған Қытай 2022 жылы 26 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайтын қарар жобасына да қатыспады [БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі, 2014; БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі, 2022].
Украина Қытайдың Шығыс Еуропа саясаты мен «Белдеу және жол» бастамасында стратегиялық маңызға ие болумен қатар, әскери дамуында да маңызды рөл атқарды деуге болады. Қытай өндірген көптеген қару-жарақтары Кеңес Одағы жасап шығарған қаруларға негізделген болып, Қытай көп жылдар бойы Украинадан ең көп қару сатып алған ел болды. Мысалы, Стокгольмдегі халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) зерттеулеріне сәйкес, 2015-2019 жылдар аралығында Украинаның жалпы қару-жарақ экспортының 31%-ы Қытайға тиесілі болды [SIPRI, 2020a]. Сондай-ақ, 2012 жылдан бері Қытай әскери-теңіз флотында қолданылып келген «Ляонин (001)» атты алғашқы ұшақ тасығышы шын мәнінде 1998 жылы Украинадан 20 миллион долларға сатып алған, бұрынғы Кеңес Одағында жасалған ұшақ тасығыш болатын [CSIS, 2020]. Қытайдың әскери және қорғаныс өнеркәсібінің дамуындағы қару-жарақ импортының маңыздылығын ескерсек, Пекиннің Киев сияқты маңызды қару-жарақ жеткізушіден оңай айырылып қалғысы келмейтіні даусыз.
Ресей-Украина соғысының Қытайға ықтимал салдары туралы айтар болсақ, ең алдымен соғыстың келеңсіз экономикалық зардаптары Қытайға да тиетіні сөзсіз. Әсіресе, АҚШ пен Еуропалық Одақ (ЕО) бастаған Батыс елдерінің Ресейге қарсы қатаң санкциялары әлемдік мұнай және табиғи газ бағасының өсуіне себеп болды. Ендеше, жаһандық энергетика нарығындағы бағаның өсуі әлемдік энергетика сұранысының шамамен төрттен бірін құрайтын Қытайдың энергетикалық секторына кері әсер ететінін болжауға болады. Онсызда жыл сайынғы мұнай тұтынымының төрттен үш бөлігін және табиғи газ тұтынымының жартысына жуығын сырттан алатын Қытай үшін Ресей ең ірі импорт көзі болып отыр. Мысалы, 2021 жылы Қытайдың Ресейден энергетикалық өнімдер импорты 47,4%-ға өсіп, 334,29 миллиард юаньға (шамамен 51,82 миллиард доллар) жетті. Бұл көрсеткіш Қытайдың Ресейден жалпы импортының 65,3%-ын құрайды [Қытай Сауда министрлігі, 2022]. Сонымен қатар, 2022 жылдың 4 ақпанында ресейлік энергетика алпауыты Газпром мен Қытайдың энергетика алпауыты CNPC арасында жылына 10 миллиард текше метр газ жеткізу туралы 30 жылдық келісімшартқа қол қойылды [Reuters, 2022]. Ресейдің ең ірі сауда серіктесі Қытай екенін ескерсек, санкциялар құрсауында қалған Ресей экономикасының тұралауы алдағы кезеңде Қытай мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа кері әсер ететіні анық. Мысалы, Қытай мен Ресей арасындағы екіжақты сауда көлемі 2021 жылы 35,9%-ға артып, 146,87 миллиард долларға жетті. Оның ішінде Қытайдың Ресейден импорты 79,32 миллиард доллар, экспорты 67,56 миллиард доллар болды [Қытай Сауда министрлігі, 2022].
Соғыстың жағымсыз салдары Қытайдың Украинамен сауда-экономикалық қарым-қатынасына да кері әсер ететінін айтуға болады. Қытай – Украинаның ең ірі сауда серіктесі екені белгілі. Мысалы, 2021 жылы Қытай мен Украина арасындағы екіжақты сауда көлемі 18,97 миллиард долларға жетті. Қытайдың Украинадан импорты 8 миллиард долларды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 12,7%-ға артса, Украинаға экспорты 2020 жылмен салыстырғанда 31,9%-ға артып, 10,97 миллиард долларды құрады [DW News, 2022]. Ал, ауыл шаруашылығы саласы Қытай мен Украина арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бөлігін құрайды. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылдың қыркүйегінде Пекин мен Киев арасында Украинада астық және ет өндіру үшін жалпы көлемі 3 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру келісім-шартына қол қойылып, бірінші кезеңде Днепропетровск облысынан 100 мың гектар ауыл шаруашылығы жері берілген еді. Қытай бұл жобаға 2,6 миллиард доллар инвестиция салатын болып келіскен [Халық газеті, 2013]. Бүгінде Қытайдың жылдық жүгері импортының 30%-ға жуығы және арпа импортының 20%-дан астамы Украинаның үлесіне тиесілі. Мысалы, 2021 жылы Қытайдың Украинадан жүгері импорты 8,24 миллион тонна болып, Қытайдың жалпы жүгері импортының 29,07%-ын құрады. Сонымен қатар, Қытайдың Украинадан арпа импорты 2,8 миллион тоннаға жетіп, жалпы арпа импортының 20%-дан астамын құрады [DW News, 2022]. Осы тұрғыда Украинадағы соғыстың көктемгі егіс кезінде әлі жалғасып жатқанын ескерсек, елдің ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай зиян келетіні шүбәсіз. Сонымен бірге, 2022 жылы 5 наурызда Украина үкіметі арпа, жүгері және қарақұмық сияқты бірқатар маңызды ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға тыйым салды [Интерфакс, 2022]. Бұл оқиғалар көз алдағы уақытта Қытайдың Украинадағы ауылшаруашылық ынтымақтастығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауына кері әсер етуі мүмкін.
Қорыта айтқанда, қазірдің өзінде Ресей-Украина соғысы аталмыш екі елмен ғана шектеліп қалмастан, аймақтық, тіпті жаһандық ауқымды дағдарысқа айналды. Сондықтан, аталған дағдарыс жағдайында өз мүддесі тұрғысынан қалай әрекет ететінін қарастырғанда, Қытай бір жағынан оның стратегиялық серіктесі болып табылатын Ресейдің, екінші жағынан стратегиялық маңызы бар Украинаның, тағы бір жағынан АҚШ бастаған Батыс елдерінің ұстанымын ескеруге мәжбүр. Оның үстіне, АҚШ-қа қарсы тұрғыдан Қытай жаһандық күш тепе-теңдігін қалыптастыруда, әсіресе Үнді-Тынық мұхиты аймағы мен Таяу Шығыс аймағында Ресейді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Бірақ Пекиннің Ресей-Украина соғысында Мәскеуге ашық әскери көмек көрсету ықтималдығы әзірше өте төмен. Өйткені мұндай жағдайда Қытай АҚШ пен оның одақтастарының экономикалық санкцияларына тап болады. Вашингтон онсызда Мәскеуге әскери немесе басқа да көмек көрсетудің ауыр зардаптары болатынын Пекинге бірнеше рет ескертті [The Guardian, 2022]. Сондықтан Қытай алдағы уақытта соғыс барысына сәйкес тепе-теңдік саясатын ұстануға тырысатын болады. Сондай-ақ, аталмыш соғысқа байланысты АҚШ бастаған Батыс елдерінің басты назарының Үнді-Тынық мұхит аймағынан Шығыс Еуропаға аууы қысқа мерзімде болсада Қытайдың мүддесіне сай келіп тұрғанын айта кеткен жөн.
Дереккөз:
БҰҰ АҚЖК (2022). Украина: 2022 жылғы 3 сәуірдегі азаматтық құрбандар туралы мәлімет. Сілтеме: https://www.ohchr.org/en/news/2022/04/ukraine-civilian-casualty-update-3-april-2022. Қаралған уақыты: 03.04.2022.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі (2014). БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Қырымдағы референдумға қатысты әрекетіне тосқауыл қойылды. Сілтеме: https://news.un.org/en/story/2014/03/464002-un-security-council-action-crimea-referendum-blocked#.VRufg_yUegy. Қаралған уақыты: 28.03.2022.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі (2022). Ресей Қауіпсіздік кеңесінің Украинаға қарсы әрекетіне тосқауыл қойды. Сілтеме: https://news.un.org/en/story/2022/02/1112802. Қаралған уақыты: 28.03.2022.
DW News (2022). Қытайдың Украинаға экономикалық қызығушылығы қаншалықты? Сілтеме: https://www.dwnews.com/%E4%B8%AD%E5%9B%BD/60281498/%E6%8B%86%E5%B1%80%E4%B8%AD%E5%9B%BD%E5%9C%A8%E4%B9%8C%E5%85%8B%E5%85%B0%E7%9A%84%E7%BB%8F%E6%B5%8E%E5%88%A9%E7%9B%8A%E6%9C%89%E5%A4%9A%E5%A4%A7. Қаралған уақыты: 31.03.2022.
Интерфакс (2022). Украинада қара бидай, арпа, қарақұмық, тары, қант, тұз және ет экспортына тыйым салынған. Сілтеме: https://interfax.com.ua/news/economic/808490.html Қаралған уақыты: 31.03.2022.
Қытай СІМ (2022). Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хуа Чуньиннің 2022 жылғы 24 ақпандағы кезекті баспасөз конференциясы. Сілтеме: https://www.fmprc.gov.cn/mfa_eng/xwfw_665399/s2510_665401/2511_665403/202202/t20220224_10645282.html. Қаралған уақыты: 28.03.2022.
Қытай Сауда министрлігі (2022). Қытай-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығы тереңдей түсуде. Сілтеме: http://www.crc.mofcom.gov.cn/article/marketsearch/hezuo/202202/424221.html. Қаралған уақыты: 29.03.2022.
Reuters (2022). Ресей мен Қытай еуромен жаңа құбыр арқылы табиғи газды 30 жылға жеткізу туралы келісімге келді. Сілтеме: https://www.reuters.com/world/asia-pacific/exclusive-russia-china-agree-30-year-gas-deal-using-new-pipeline-source-2022-02-04/. Қаралған уақыты: 29.03.2022.
CSIS (2020). Қытайдың алғашқы ұшақ тасығышы қандай? Сілтеме: https://chinapower.csis.org/aircraft-carrier/. Қаралған уақыты: 30.03.2022.
Sina (2022). Қытайдың жүгері импортының шамамен 30%-ы Украинадан келеді. Сілтеме: https://finance.sina.com.cn/roll/2022-02-24/doc-imcwiwss2654069.shtml. Қаралған уақыты: 31.03.2022.
SIPRI (2020a). Халықаралық қару-жарақ тасымалдау үрдістері, 2019. Сілтеме: https://www.sipri.org/sites/default/files/2020-03/fs_2003_at_2019.pdf. Қаралған уақыты: 30.03.2022.
The Guardian (2022). Байден кеңесшісі Қытайға Ресейге санкциялардан жалтаруға көмектесетін болса, ауыр зардаптары болатынын ескертті. Сілтеме: https://www.theguardian.com/us-news/2022/mar/13/jake-sullivan-biden-national-security-adviser-china-russia. Қаралған уақыты: 30.03.2022.
Халық газеті (2013). Украина Қытайға 3 миллион гектар ауылшаруашылық жерлерін беруге дайын. Сілтеме: http://politics.people.com.cn/n/2013/0923/c70731-22997138.html. Қаралған уақыты: 31.03.2022.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.