Әлем елдері COVID-19 салдарымен күресіп жатқанда, Украинадағы соғыс қазіргі жағдайды нашарлатып, көптеген елдердің экономикасына кері әсерін тигізуде. Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, әсіресе Америка Құрама Штаттары және Батыс елдері мен олардың одақтастары Ресейге қарсы көптеген саланы қамтитын ауыр санкциялар сала бастады. Бұл процесс Ресейдің әлемдік саудадағы экспорттына және осы өнімдерді импорттаушы елдерге теріс әсер етіп жатыр. Мұндай өнімдерге мұнай, табиғи газ, әртүрлі металдар, ағаш, ауыл шаруашылығы өнімдері және т.б. шикізаттар жатады. Көріп отырғанымыздай, әлемдегі көптеген стратегиялық өнімдерді негізгі жеткізушілердің бірі Ресейге салынған санкциялар мемлекеттер арасындағы жеткізу тізбегінің нашарлауына және тауар нарығында жасанды тапшылықтың қалыптасуына әкеліп соқтырады. Бұл дүниежүзінде тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне әкеледі.
Ресейге қарсы санкциялар Ресей экономикасына зиянын тигізіп қана қоймай, сонымен қатар Ресеймен тығыз экономикалық ынтымақтастықта болған елдердің экономикасы үшін елеулі қиындықтар туғызады. Осы тұста Қазақстан экономикасы да түрлі келеңсіз жағдайларға тап болғанын айтып өту керек. Мысалы, 2021 жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы жалпы сауда көлемі 26 млрд. доллар болса, оның 7 млрд. доллары Қазақстанның Ресейге экспортын құраған [Sputnik.kz, 2022]. Екінші жағынан, Ресей 2022 жылдың сәуір айына дейін 19 557 млрд. доллар көлемде Қазақстанға инвестиция салған елдер арасында бірінші орында тұр [Nationalbank.kz, 2022]. Аталған санкцияларға байланысты бұдан былай Қазақстанға Ресей инвестициясының азаюы ықтимал. Бұл жағдайды Қазақстан үшін тағы бір жағымсыз мүмкіндік ретінде қарастыруға болады [Tass.ru, 2021].
Ресейге салынған санкциялардың экономикалық көрсеткіштерге әсері тұрғысынан Ресей экономикасының құлдырауына байланысты инфляциямен күресу және макроэкономикалық баға тұрақтылығын сақтау мақсатында Ресейдің Орталық банкі базалық пайыздық мөлшерлемені 2022 жылдың 28 ақпанында 9,5%-дан 20%-ға дейін өсіру туралы шешім қабылдады. Осы шешімнен кейін Қазақстанның Ұлттық банкі де базалық пайыздық мөлшерлемені 9,75%-дан 14%-ға дейін көтерді [Cbr.ru, 2022; Tengrinews.kz, 2022]. Екінші жағынан, рубльдің құнсыздануы теңгеге жанама түрде теріс әсер етіп, теңгенің долларға шаққандағы бағамын орта есеппен 16%-ға құнсыздандырды. Бұл көптеген импорттық өнімдер бағасының орташа есеппен 14%-ға өсуіне әкеліп соқтырды [Ranking.kz, 2022].
Банк секторы Ресейге салынған санкциялардан ең көп зардап шеккен салалардың қатарынан орын алды. Мысалы, ресейлік банктердің SWIFT жүйесінен шығарылуы және Сбербанк сияқты банктердің санкциялар тізіміне қосылуы Қазақстанда да кең көлемде жұмыс істейтін бұл банктің ел ішінде көптеген мәселелерге тап болып, банк клиенттерінің түрлі қаржылық қиындықтарға ұшырауына себепші болып отыр [Алдошина, 2022]. Бұл жағдай мемлекеттер арасындағы сауданың бәсеңдеуіне себеп болды [Арутюнов, 2022]. Бұған қоса, кейбір қазақстандық компаниялар ресейлік компаниялармен жұмыс істейтіндіктен санкцияға ұшырау қаупі төніп тұрғанын айта кеткен жөн.
Қазақстан Ресейге салынған санкцияларға тікелей ұшырамаса да, жанама түрде зардап шегіп жатқаны белгілі. Өйткені Қазақстанның Еуропа елдеріне экспортының басым бөлігі Ресей арқылы жүзеге асады. Бұл Қазақстандық экспорттаушылар үшін қосымша қиындықтар туғызуда. Мәселен, 2022 жылдың наурыз айында Қазақстаннан Еуропа елдеріне экспортқа жөнелтілген тауарлар Ресей порттары арқылы Антверпен, Гамбург, Пиреней және Роттердам порттарына жеткізілгенімен, аталмыш елдерге кіргізуге рұқсат берілмеді. Бұл өнімдерді Қазақстан экспорттағанымен, Ресей порттарын пайдаланылғандықтан санкциялық шараларға ұшырады. Бұл жағдай қазақстандық экспорттаушыларды өте қиын жағдайға қалдырып қана қоймай, біраз экономикалық шығынға әкеліп соқтырды. Қазақстанның экспорттайтын мұнай мен мұнай өнімдері де Ресейге қарсы санкциялар тізіміне енген. Барлық өндірілген қазақстандық мұнайдың 20%-ы Ресей порттары мен құбырлары арқылы экспортталады [Червинский, 2022]. Осылайша, Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанның Еуропалық Одақ елдерімен саудасын ресейлік көлік инфрақұрылымын пайдалануына байланысты айтарлықтай қиындықтар тудырып отыр. Сондықтан Қазақстан үкіметі экспортталатын тауарларды тасымалдау процесін сақтандыру және соғын қатысты кейбір қосымша шығындарды субсидиялау арқылы экономикалық шығындарды азайтуға тырысуы қажет.
Осы және осыған ұқсас мәселелер Қазақстан экономикасының өсу қарқынына кері әсерін тигізеді деп күтілуде. Ресей мен Украина арасында жалғасып жатқан соғысқа байланысты салынған санкциялар жанама түрде Қазақстан экономикасының өсу қарқынының төмендеуіне, инфляцияның өсуіне және девальвация сияқты жағымсыз құбылыстарға итермелейді. Қазақстан үкіметі түрлі шараларды қолға алғанымен, ел экономикасының Ресей экономикасымен тығыз байланысы кейбір мәселелермен қатар жаңа тәуекелдердің де туындауына жол ашады.
Дегенмен, Ресейге қарсы салынған санкциялардың жағымсыз салдарын барынша азайту үшін инфляцияны төмендетуге, ұлттық валютаны тұрақты ұстап тұруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған шараларды қабылдау қажет. Екінші жағынан, тасымалдау саласында Ресейлік жолдарға балама бағыттарды дамытуға басымдық беру керек. Осы тұста Орта дәліз бағытының инфрақұрылымы мен әлеуетін дамытып, Солтүстік бағытпен салыстырғанда оны тартымды ету маңызды. Сонымен қатар, Қазақстан нарығының белгілі бір өнімдер аясында Ресейден келетін импортқа тәуелділігі тұрғысынан отандық өндірісті ынталандыруға және қысқа мерзімде ұқсас себептерге байланысты туындауы мүмкін қиындықтарды еңсеруге айтарлықтай үлес қосуға болады. Энергетика саласында Ресейге қарсы санкциялардың әсеріне ұшырамас үшін қазақ мұнайын ресейлік мұнайдан бөліп алу мақсатында қазақстандық «CNPC-Aktobemunaygaz» компаниясы Ресей порттары арқылы тасымалдайтын мұнай брендінің атауын «Kazakhstan Export Blend Crude Oil (KEBCO)» деп өзгерту бұл тұрғыда жасалған бірінші қадам болып табылады [Червинский, 2022].
Қазіргі жағдайдың Қазақстан үшін жасаған артықшылықтары да бар. Олардың ішінде Ресейде жұмыс істейтін кейбір отандық және шетелдік кәсіпорындар жұмысын жалғастыру үшін бас кеңсесін Қазақстанға көшіруі мүмкін. Компаниялардан бөлек, Қазақстанға осындай оймен көптеген тұлғалардың қоныстана бастағаны байқалады. Бұл жаңа жағдай белгілі бір дәрежеде негізінен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне капитал ағынын туғызу арқылы жаңа кәсіпорындардың санының артуына және осылайша жұмыс орындарын құруға ықпал етуі мүмкін. Дегенмен, бұл үдерісте Ресейге салынған санкциялардың шарттары нашарлап кетпейтініне назар аудару керек. Ресей әуе кеңістігі жабылып, ресейлік әуе компаниялары санкцияға ұшырағандықтан, қазақстандық әуе қатынастары саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туындап отыр. Таяу және орта мерзімді перспективада бұл үдеріс қазақстандық авиакомпанияға оң әсер етеді деп күтуге болады.
Қорытындылай келе, барлық көрші елдермен тиімді ынтымақтастыққа бағытталған жақсы ойластырылған саяси шешімдер Ресейге салынған санкциялардың теріс әсерін азайту және мүмкіндіктерді пайдалану үшін маңызды мүмкіндіктер ұсына алады. Қазақстан осы уақытқа дейін жүргізген дипломатиясымен Ресеймен қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысып, сонымен бірге ел басынан өткеріп отырған экономикалық қиындықтар мен саяси қысымдарды теңгерімді түрде басқара отырып, елдер арасында делдал болуда бастама көтеруде. Осылайша, Қазақстан өзінің дәстүрлі көпвекторлы сыртқы саяси стратегиясын жалғастырып жатыр. Аймақтағы барлық елдер сияқты Қазақстан үшін де ең тиімді әрі жан-жақты шешім Украинадағы соғысты тезірек тоқтату екені сөзсіз.
Дереккөз:
Алдошина И. (2022). Ресейлік банктер санкцияларға ұшырады – шектеулерді зерттеп жатырмыз. Сілтеме: https://frankrg.com/61074. Қаралған күні: 27.06.2022.
Арутюнов А. (2022). Еуродақ Сбер банкті, MKB және РСХБ-ны SWIFT-тен ажыратты: бұл нені білдіреді. Сілтеме: https://www.forbes.ru/finansy/464803-es-gotovitsa-otklucit-ot-swift-sber-i-dva-drugih-krupnyh-banka-cto-eto-znacit. Қаралған күні: 27.06.2022.
Червинский О. (2022). Қазақ мұнайы маневр жасауға тырысуда. Сілтеме: https://ratel.kz/outlook/kazahstanskaja_neft_pytaetsja_lavirovat. Қаралған күні: 27.06.2022.
Cbr.ru (2022). Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені жылдық 20%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Сілтеме: https://cbr.ru/press/pr/?file=28022022_094500Key.htm. Қаралған күні: 26.06.2022.
Nationalbank.kz (2022). 2022 жылғы 1 сәуірдегі Қазақстанның халықаралық инвестициялық позициясы. Сілтеме: https://www.nationalbank.kz/ru/news/mezhdunarodnaya-investicionnaya-poziciya. Қаралған күн: 18.07.2022.
Ranking.kz (2022). Қазақстандағы және басқа елдердегі инфляция. 2022 жылдың мамыр айы. Сілтеме: http://ranking.kz/ru/a/reviews/inflyaciya-v-rk-i-drugih-stranah-maj-2022. Қаралған күні: 26.06.2022.
Sputnik.kz (2022). Ресей тағы да Қазақстанның негізгі сауда серіктесіне айналды, Индустрия және сауда министрлігінің хабарламасы. Сілтеме: РФ https://ru.sputnik.kz/20220302/tovarooborot-mezhdu-kazakhstanom-i-rossiey-uvelichilsya-na-34-23221163.html. Қаралған күні: 25.06.2022.
Tengrinews.kz (2022). Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға дейін көтерді. Сілтеме: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/natsbank-povyisil-bazovuyu-stavku-do-14-protsentov-467237/. Қаралған күні: 26.06.2022.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Жандос Құдайбергенов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия институтының зерттеушісі. 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2011-2013 жылдары Хаджеттепе университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. Нәтижесінде, «Оңтүстік-Шығыс Азиядағы интеграциялық процестер» атты магистрлік диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2018 жылы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Менеджмент» мамандығына докторантураға түсті