Соңғы жылдары Қазақстан территориясында түрлі экологиялық мәселелер орын алып, аймақтарда шиеленіскен жағдайлар қалыптасып отыр. Солардың бірі – антропогендік іс-әрекет салдарынан пайда болған Арал теңізі мәселесі. Арал теңізінің тартылуы өңірді үлкен экологиялық апат аймағына айналдырғаны баршаға мәлім. Арал мәселесі 1960 жылдардан бері Сырдария және Амудария өзендерінің суларын суармалы егіншілік үшін мөлшерден тыс пайдаланумен тікелей байланысты. 1990 жылдарға дейін теңіздің су қоры 60%-ға азайып, тереңдігі 16,6 метрге дейін төмендеген.

