FILE - Former President Donald Trump speaks during a commit to caucus rally, Oct. 1, 2023, in Ottumwa, Iowa. Over the past two weeks, Trump said shoplifters should be immediately shot, suggested that America’s top general be executed and mocked a political opponent’s husband who was beaten with a hammer. (AP Photo/Charlie Neibergall, File)
Дональд Трамптың 2024 жылғы Америка құрама штаттары (АҚШ) президенттік сайлауында жеңіске жетуі – америкалық саяси тарихта сирек кездесетін бетбұрыс кезеңдерінің бірі. Ол Гровер Кливлендтен кейін Ақ үйге қайта оралған екінші АҚШ президенті атанды (Классен, 2025). Трамптың бұл жеңісі электораттағы терең өзгерістер мен ұлтшылдық пен протекционизмге бетбұрысты білдіреді. Сонымен қатар, бұл оның саяси қозғалысының қуатын және Республикалық партия сайлаушыларының оған деген тұрақты адалдығын айқындап берді.
Президент Трамптың екінші мерзімінде Республикалық партияның Сенатта басымдылыққа ие болуы оның заңнамалық және сот жүйесіне ұзақ мерзімді ықпал ететін саясаттарды жүзеге асыруын жеңілдетеді (Мутник, 2024). Осылайша, Трамптың 2024 жылғы сайлаудағы жеңісі агрессивті екінші мерзімнің басталғанын көрсетеді. Бұл өзгерістердің көріністері қазірдің өзінде ішкі және сыртқы саясатта байқалуда. Ішкі саясатта оның басымдығы – АҚШ-тың жалпы көлемі 35 триллион доллардан асқан ұлттық қарызын қысқарту үшін үнемдеу шараларын күшейту болса, сыртқы саясатта Вашингтонның геосаяси назарын Ресейден Қытайға аудару болып отыр (Федералдық бюджет үшін жауапты комитет, 2024). Трамптың кабинетін талдайтын болсақ, оның таңдаған тұлғалары мен жоғары лауазымдарға тағайындаулары ұлтшыл, консервативті және жаһандық мәселелерге сындарлы көзқарасты ұстанатынын көрсетеді (Рот, 2024). Бұл шешімдер дәстүрлі жаһандану саясатының орнына АҚШ-тың экономикалық, әскери және саяси мүдделерін алдыңғы қатарға қояды. Бұл саясаттың негізгі қағидаты – «Алдымен Америка» стратегиясы болып, АҚШ мүддесі үшін қарсыластыққа баруға және тікелей бәсекеге түсуге дайын (Ақ үй, 2025). Аталған саясат АҚШ-тың Қытай мен Ресей секілді негізгі бәсекелестеріне ғана емес, сондай-ақ, Вашингтонның дәстүрлі одақтастары – Канада, Мексика және Еуропалық Одақ елдеріне де қолданылуда (Лоудер және басқалар, 2025).
Трамп бірінші президенттік кезеңінде қолға алғандай, екінші мерзімінде де АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тапшылығы мәселесін жедел талқылап, сауда соғығын күшейтуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылдады. Мәселен, 2025 жылдың ақпан айында Трамп Қытайдан импортталатын барлық тауарларға 10% кедендік баж салығын енгізді, ал наурыз айының басында бұл көрсеткішті шұғыл түрде 20%-ға дейін көтерді (Associated Press, 2025). Сонымен қатар, ол стратегиялық маңызы бар салаларға – шетелдік инвестициялардан бастап технологиялық дамуға дейінгі көптеген бағыттарда шектеулер енгізіп, АҚШ-тың экономикалық мүдделерін Қытаймен қарым-қатынаста басымдыққа қоюға тырысуда. Осылайша, Вашингтон Қытаймен сауда тапшылығын азайтуды көздейді. Бұған негіз ретінде Трамп әкімшілігі Қытайдың фентанил есірткісін заңсыз тасымалдаудағы рөлі туралы мәлімдемелерді алға тартып, сауда мәселелерін тікелей ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерімен байланыстырып отыр (Associated Press, 2025). Осы өсімдердің нәтижесінде Қытайдан импортталатын тауарларға салынатын орташа кедендік салық шамамен 33%-ға жетіп, соңғы уақыттағы ең үлкен сауда шиеленістерінің біріне жол ашты (Пальмер, 2025). Бұған жауап ретінде Қытай да АҚШ-тың негізгі ауыл шаруашылық өнімдеріне 10-15% көлемінде қарсы баж салығын енгізіп қана қоймай, Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) ресми шағым түсіріп, дипломатиялық және экономикалық қақтығыстардың бәсеңдемейтінін көрсетті (Чайна Брифинг, 2025; Лаудер және басқалар, 2025). Бұдан бөлек, қытайлық шенеуніктердің мәлімдемелері де қатаң сипат ала бастады. Ресми Пекин бұл сауда соғысының ауыр салдарға әкелуі мүмкін екеніне қарамастан, оған толық дайын екенін мәлімдеп, өз мүдделерін қорғаудағы табандылығын көрсетті (Пальмер, 2025).
Президент Трамп бұл тәсілін басқа елдермен қарым-қатынаста да саяси және экономикалық қысым жасау құралы ретінде қолдана бастады. Мысалы, ол Канада және Мексикамен туындаған түрлі мәселелерді шешу үшін осы елдерден импортталатын тауарларға жоғары тарифтер енгізу қаупін алға тартуда. Атап айтқанда, ол дәстүрлі одақтастардан әкелінетін өнімдерге кедендік баж салығын 25%-ға дейін көтерді. Бұл шешімді ол Канадамен сауда тапшылығын азайту қажеттілігімен, ал Мексикаға қатысты – заңсыз көші-қон мен есірткі контрабандасын тежеу мақсатында шекаралық қауіпсіздікті күшейту талабымен негіздеді (Пальмер, 2025). Аталған қадамдар Трамптың алғашқы президенттік мерзіміндегі сауда соғыстарында қолданылған заңнамалық тетіктер – «Сауданы кеңейту туралы» заңның 232-бөлімі (ұлттық қауіпсіздік) және «Сауда туралы» заңның 301-бөлімі (әділетсіз сауда тәжірибелері) сияқты құқықтық нормаларға сүйене отырып заңдастырылуда (Уивер, 2025).
Бұл стратегияны АҚШ ұстанымынан қарастыратын болсақ, Трамп әкімшілігі экономикалық қақтығысты саналы түрде келіссөз жүргізу құралы ретінде пайдаланып, жоғары кедендік тарифтер арқылы қарсы тарапты шұғыл түрде жеңілдіктер жасауға мәжбүрлеуді көздеп отыр. Осылайша, Вашингтон АҚШ-тың жаһандық нарықтағы басымдығын арттырумен қатар, сауда теңгерімсіздігін өз мүддесіне сай қайта қарастыруды мақсат етуде. Сонымен қатар, сауда серіктестерімен тарифтік қақтығыс күшейген сайын, Трамп әкімшілігі бұл салықтық түсімдерді қосымша қаржы көзі ретінде қарастыруда.
Бұл стратегия қарапайым экономикалық құрал ғана емес, ауқымды саяси бастаманың бір бөлігі болып табылады. Мұны растайтын маңызды қадамдардың бірі – президент Трамптың тікелей нұсқауымен құрылған Сыртқы кірістер қызметі (Хокинс, 2025). Бұл мекеменің негізгі мақсаты – кедендік алымдардан түсетін кірістерді мемлекет үшін қосымша қаржы көзіне айналдыру. Сонымен қатар, Трамптың аға кеңесшісі Питер Наварро бұл даулы стратегияны мемлекеттік қаржы жүйесінің негізгі элементтерінің біріне айналдыруды жақтауда. Ол Трамптың алдыңғы әкімшілігі кезінде Сауда және өндірістік саясат басқармасының директоры қызметін атқарып, осы стратегияны жүзеге асыруды қолдаған негізгі тұлғалардың бірі болды (Хокинс, 2025). Ішкі саясат тұрғысынан алғанда, Трамп әкімшілігі азаматтарға салынатын табыс салығын қысқарту немесе оны толық жою туралы уәдесін орындаған жағдайда, бюджет тапшылығын өтеу үшін кедендік алымдарды балама кіріс көзі ретінде пайдалануды жоспарлауда (Хокинс, 2025). Осы тұрғыдан алғанда, бұл стратегия «Алдымен Америка» саясатының экономикалық негіздерінің бірі ретінде қарастырылуда.
Аталған саясаттың нәтижесінде Қытайға қарсы тарифтік шаралармен қатар, қосымша шектеулер мен санкциялар қаржы, технология, ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық маңызды салаларды қамтиды. Мысалы, Ақ үй 2025 жылғы ақпан айының соңында жариялаған «Америка басымдығы бар инвестициялар» атты мәлімдемесінде Қытайға экономикалық қысымды күшейту жоспарын жариялады. Құжатта Қытайдың АҚШ инвестициялары арқылы озық технологияларға қол жеткізуге тырысып жатқаны, сондықтан оны «қарсылас мемлекет» ретінде қарастыру қажеттілігі айтылды (Бейаз Сарай, 2025). Аталған құжатқа сәйкес, АҚШ-тың технология, азық-түлік, энергетика және инфрақұрылым сияқты стратегиялық секторларындағы Қытай инвестицияларын қайта қарау туралы бұйрық беріліп, қосымша шектеулер енгізу мүмкіндігі қарастырылуда (Бейаз Сарай, 2025).
АҚШ билігі қытайлық компаниялардың VIE (Өзгермелі пайыздық құрылым) моделі арқылы америкалық биржаларда саудалануын заң тұрғысынан қайта қарастыруда. Бұл мәселе америкалық инвесторлар үшін тәуекелдер тудырады деген себеппен жүздеген қытайлық компанияны биржадан шығару мүмкіндігін күн тәртібіне қойды (Мейсон, 2025). Сонымен қатар, президент Трамп Қытайдан келетін инвестицияларды шектеу мақсатында АҚШ Сауда министрлігі мен АҚШ Сауда өкілдігіне Қытайдың «Тұрақты қалыпты сауда қатынастары» (PNTR) мәртебесін жою мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма берді (Americancompass.org, 2025).
Қытайдың PNTR мәртебесін жою мәселесі 2025 жылдың қаңтарында Конгреске ұсынылған екі партиялық заң жобасында көтерілді. «Сауда әділдігін қайта қалпына келтіру туралы заң» деп аталатын бұл құжат Қытайдың PNTR мәртебесін жоюды және Қытайдан импортталатын тауарларға жоғары мөлшерлемелі кедендік баж салығын енгізуді көздейді. Аталған заң жобасы Сенатта республикашылдар мен демократтар тарапынан қолдау тапқан сирек бастамалардың бірі ретінде ерекшеленеді, яғни бұл мәселеде демократтардың да Трамп әкімшілігін қолдап отырғаны байқалады (Americancompass.org, 2025). Аталған заң жобасының басты мақсаты – Қытайдан келетін импортқа 100%-ға дейін жететін жоғары кедендік тарифтер енгізу және Қытайға арналған арнайы тарифтік жүйе қалыптастыру (The Select Committee on CCP, 2025).
Бұл шектеулер тек макроэкономикалық деңгейде ғана шектелмей, Вашингтон Қытай компанияларының АҚШ-та стратегиялық маңызды салаларда жұмыс істеуіне қосымша шектеулер енгізуде.
2025 жылғы қаңтарда АҚШ Сауда министрлігіне қарасты Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы (BIS) 27 қытайлық компанияны қара тізімге енгізіп, олардың АҚШ-та өндірілген технологияларға қолжетімділігін тоқтатты. Бұл тізімге жетілдірілген есептеу жүйелері мен жасанды интеллект зерттеулерімен айналысатын компаниялар енгізілген. АҚШ билігінің мәлімдеуінше, аталған кәсіпорындар Қытайдың әскери қуатын арттыру мақсатында жоғары технологиялық жасанды интеллект пен чип өндірісін дамытуға үлес қосып отыр. Сонымен қатар, Қытайдың өз бетінше озық жартылай өткізгіш чиптер өндіруіне мүмкіндік беретін заманауи литография машиналарын әзірлеуші компания да тізімге енгізілді. Осы компанияларға америкалық тауарлар мен технологияларды экспорттау арнайы рұқсатқа бағындырылатын болды, ал мұндай рұқсаттардың берілу ықтималдығы өте төмен (Даймонд, 2025). Сонымен қатар, АҚШ-тың «Шетелдік компанияларға американдық технологияны пайдалануға шектеу қою туралы заңы» Вашингтонның өз одақтастарына Қытайға жоғары өнімді жартылай өткізгіш чиптерді экспорттауды шектеу үшін қысым жасауына негіз болуда (Лин, 2024).
Трамп әкімшілігі Қытайдың әскери құрылымдарымен байланысы бар компанияларға салынатын инвестициялық санкцияларды да күшейтуде. 2025 жылдың басында АҚШ Қорғаныс министрлігі «Қытайдың әскери байланысы бар компаниялар тізіміне» 50-ден астам жаңа фирманы қосып, тізімдегі жалпы компаниялар санын 134-ке жеткізді (Абрамс, 2025). Бұл қадам АҚШ-тың Қытайдың қорғаныс және өнеркәсіптік инфрақұрылымын нысанаға алған жалпы стратегиясының бір бөлігі болып табылады. АҚШ президентінің қолданыстағы жарлықтарына сәйкес, америкалық инвесторлар бұл компаниялардың акцияларын сатып ала алмайды және бұрыннан иелігінде бар бағалы қағаздарды сақтай алмайды. Бұл шешім Қытайдың қорғаныс және технология саласындағы кәсіпорындарына қаржылық қысымды арттырудың айқын белгісі болып отыр.
АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Қытайдағы жеке тұлғалар мен компанияларға тікелей санкциялар енгізуде. Мысалы, 2025 жылғы ақпанда Қытай, Гонконг, Иран, Үндістан және Біріккен Араб әмірліктерінде тіркелген 16 жеке тұлға мен компаниядан тұратын желіге санкциялар салынды (Aбрамс, 2025). Бұл желінің Иран мұнайының Қытайға тасымалдануына делдалдық жасап, халықаралық санкцияларды айналып өткендігі көрсетілді. Бұл шешім Вашингтонның экономикалық және геосаяси стратегиясын қатаң әрі жан-жақты жүргізіп отырғанын дәлелдейді. Сонымен қатар, Қытай мен Иранның АҚШ үшін негізгі геосаяси қауіптердің қатарына жатқызылғанын айқын көрсетеді. Мұндай шаралар арқылы Трамп әкімшілігі Қытайдың стратегиялық салалардағы жаһандық дамуын тежеп, АҚШ-тың экономикалық көшбасшылығын нығайтуды көздейді.
Қорытындылай келе, Трамптың екінші мерзімінде Қытайға қарсы бастаған сауда соғысы АҚШ-тың экономикалық, саяси және қауіпсіздік мүдделерін алға қоятын қатаң әрі ұзақ мерзімді стратегияға айналатынын айтуға болады. «Алдымен Америка» ұстанымы негізінде енгізілген жоғары кедендік тарифтер, технологиялық және инвестициялық шектеулер Қытаймен экономикалық байланыстарды қысқартуды және АҚШ-тың жаһандық басымдығын нығайтуды көздейді. Трамп әкімшілігі Қытайдан импортталатын тауарларға баж салығын көбейту арқылы сауда тапшылығын жоюды және Қытайдың әскери-технологиялық дамуын тежеуді жоспарлауда. Қытайлық компаниялардың АҚШ қор нарығынан шеттетілу ықтималдығы және Қытайдың PNTR (Тұрақты қалыпты сауда қатынастары) мәртебесін жою туралы Конгреске ұсынылған заң жобасы осы стратегияның нақты қадамдары болып табылады. Бұған қоса, Трамп бұл саясатты тек Қытайға ғана емес, Канада мен Мексика сияқты одақтас елдерге де қолданып, халықаралық сауданы келіссөз жүргізу мен қысым көрсету құралына айналдырғаны байқалады. Жалпы алғанда, Трамптың екінші мерзіміндегі Қытайға бағытталған экономикалық соғыс екі ел арасындағы қарым-қатынастарды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, жаһандық сауда мен геосаяси тепе-теңдікке де терең ықпал ететін ауқымды әрі көп қырлы күрестің басталуын білдіреді.
Дереккөз:
Абрамс, Эван, Ратбоун, Мередит, Хопкинс, Карл, Суссан, Гай және басқалар. (2025). Жаңартылған санкциялар: 13 қаңтар 2025. Сілтеме:https://www.steptoe.com/en/news-publications/stepwise-risk-outlook/sanctions-update-january-13-2025.html. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Абрамс, Эван, Ратбоун, Мередит, Хопкинс, Карл, Суссан, Гай және басқалар. (2025). Апталық санкциялар жаңартуы: 10 ақпан 2025. Сілтеме:https://www.steptoe.com/en/news-publications/international-compliance-blog/weekly-sanctions-update-february-10-2025.html. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Americancompass.org (2025). Қытайдың тұрақты қалыпты сауда қатынасы мәртебесін жою. Сілтеме:https://americancompass.org/rescind-chinas-permanent-normal-trade-relations-status. Қаралған уақыты: 09.03.2025.
Associated Press (2025). Қытай Трамптың фентанилге кедендік салық енгізуіне қарсы шықты. Сілтеме:https://apnews.com/article/china-us-fentanyl-tariffs-trump-f77abc5dc8cba277a07c0f2cddb9a9e9. Қаралған уақыты: 08.03.2025.
Бенсон, Джонатан, Иган, Брайан. (2025). АҚШ пен Еуропада экспорттық және импорттық бақылау шаралары кеңейтілуі мүмкін. Сілтеме:https://www.skadden.com/insights/publications/2025/01/2025-insights-sections/the-global-and-cross-border-outlook/in-the-us-and-europe-export-and-import-controls-may-be-expanded. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Бейаз Сарай (2025). Алдымен Америка: Сауда саясаты.
Сілтеме:https://www.whitehouse.gov/presidential-actions/2025/01/america-first-trade-policy/. Қаралған уақыты: 08.03.2025.
Чайна Брифинг (2025). Трамптың екінші кезеңінде АҚШ-Қытай қарым-қатынастары: уақыт кестесі. Сілтеме:https://www.china-briefing.com/news/us-china-relations-in-the-trump-2-0-implications. Қаралған уақыты: 08.03.2025.
Даймонд, Скотт, Варма, Самир, Герреро, Франческа, Мандельбаум, Аарон. (2025). BIS 27 қытайлық компанияны қара тізімге қосты.
Сілтеме:https://www.thompsonhinesmartrade.com/2025/01/bis-adds-27-chinese-companies-to-entity-list/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Хокинс, Ари. (2025). “Наварро: Трамп кедендік баж кірістерін пайдаланып АҚШ экономикасын түбегейлі өзгертеді.” Сілтеме:https://www.politico.com/news/2025/02/04/navarro-trump-will-structurally-shift-american-economy-with-tariff-revenue-00202344. Қаралған уақыты: 09.03.2025.
Классен, Томас (2025). Трамп екінші мерзімінде әлемге не уәде етеді? Тарих кейбір болжамдар ұсынады. Сілтеме: https://theconversation.com/what-does-trump-have-in-store-for-the-world-in-his-second-term-history-provides-some-clues-244616. Қаралған уақыты: 09.03.2025.
Лоудер, Дэвид, Льюнггрен, Дэвид және Мадри, Кайли (2025). Трамп Канада, Қытай және Мексикаға тарифтер енгізіп, сауда соғысын және бағаның өсуін өршітуде. Сілтеме: https://www.reuters.com/world/trade-wars-erupt-trump-hits-canada-mexico-china-with-steep-tariffs-2025-03-04. Қаралған уақыты: 08.03.2025.
Лин, Лиза және Хуанг, Раффаэле (2024). Huawei, Nvidia-ға бәсекелес болатын және АҚШ санкцияларынан айналып өтетін жаңа чип әзірлеуде. Сілтеме: https://www.wsj.com/tech/ai/huawei-readies-new-chip-to-challenge-nvidia-surmounting-u-s-sanctions-e108187a. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Мейсон, Джефф, Шалал, Андреа, Лаудер, Дэвид. (2025). Трамп Мексика мен Канадаға кедендік салық, Қытайға 10% қосымша салық енгізетінін мәлімдеді.
Сілтеме:https://www.reuters.com/world/americas/trump-says-mexico-canada-tariffs-take-effect-march-4-2025-02-27.Қаралған уақыты: 09.03.2025.
Мутник, Элли (2024). Сенат республикалықтардың қолына өтті. Сілтеме: https://www.politico.com/2024-election/results/senate/. Қаралған уақыты: 09.03.2025.
Пальмер, Джеймс (2025). Қытай сауда күресін соңына дейін жалғастыратынын мәлімдеді. Сілтеме: https://foreignpolicy.com/2025/03/11/china-trade-fight-end-trump-tariffs/#:~:text=With%20Trump%C2%A0flip,place%20tariffs%20on%20Chinese%20goods. Қаралған уақыты: 08.03.2025.
Рот, Эндрю (2024). Трамптың «Америка алдымен» күн тәртібі үшін команда таңдауда адалдық басты рөл атқарады. Сілтеме: https://www.theguardian.com/us-news/2024/nov/13/trump-america-first-foreign-policy. Қаралған уақыты: 08.03.2025.
Федералдық бюджет үшін жауапты комитет (2024). Жалпы мемлекеттік қарыз 35 триллион долларға жетті. Сілтеме:https://www.crfb.org/press-releases/gross-national-debt-reaches-35-trillion.Қаралған уақыты: 08.03.2025.
The Select Committee on CCP (2025). Қытайдың тұрақты қалыпты сауда қатынастарын тоқтату туралы екі партиялық заң жобасы ұсынылды.
Сілтеме:https://selectcommitteeontheccp.house.gov/media/press-releases/moolenaar-introduces-first-bipartisan-bill-revoke-chinas-permanent-normal. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Уивер, Кейси, Хилферти, Кейтлин және Мозес, Джошуа (2025). Трамптың екінші мерзіміндегі кедендік тарифтер күн тәртібі: Жаңа тарифтер сізге қалай әсер етеді? Сілтеме: https://www.morganlewis.com/pubs/2025/01/trumps-second-term-tariff-agenda-how-will-new-tariffs-impact-you#:~:text=in%20his%20previous%20term%2C%20and,on%20imported%20steel%20and%20aluminum. Қаралған уақыты: 09.03.2025.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.