Ақпараттық технологиялар саласы, әсіресе интернет-инфрақұрылымының дамуымен бірге жылдар бойы қарқынды дамып келе жатқан салалардың көшін бастап келеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету, техникалық жабдықтау және аппараттық қызмет көрсетуді негіз еткен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласы өмір салтымыздан тартып жұмыс ортамызға дейін жан-жақты қолайлылық сыйлап отыр. Бұл сала өмірдің барлық жағына еніп, үнемі жаңарып отыратын динамикалық құрылымымен қарқынды дамуда. Жылдам өзгеріп, үздіксіз дамып келе жатқан құрылымының арқасында АКТ саласы адамдардың күнделікті өміріне ғана емес, ұжымдық және өндірістік үдерістерге де үлкен үлес қосып отыр. Бұл зерттеуде АКТ саласының жаһандық ауқымдағы дамуы және Түркиядағы АКТ саласының көрсеткіштері егжей-тегжейлі қарастырылады.
Жаһандық АКТ саласы 2023 жылы 1,1% өсіп, 4,45 триллион долларға жеткен. 2019 жылы 3,84 триллион долларды құраған жалпы АКТ нарығы, тіпті COVID-19 кезеңінде де өсу қарқынын жалғастырып, 2023 жылға дейін орташа жылдық өсім 4,66%-ды құрады (Deloitte, 2024; Чуй, 2023; Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). 2019-2023 жылдар кезеңін алып қарағанда, 2020 жылы 3,75 триллион долларға дейін төмендегеннен кейін, 2021 жылы жылдам қалпына келіп, 4,26 триллион долларға және 2022 жылы 4,4 триллион долларға жетті (Deloitte, 2024; Чуй, 2023; Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). АКТ саласының ішінде ақпараттық технологиялар мен коммуникациялық технологиялар соңғы жылдары түрлі динамикасымен ел назарын аударды.
Ақпараттық технологиялар нарығы 2023 жылы 1,1%-ға қысқарып, 2,51 триллион долларға түскенімен, 2019 жылдан бастап өсу үдерісін сараласақ, жылдық 11,1%-дық керемет өсу қарқынына жеткенін көреміз. Коммуникациялық технологияларында қарама-қарсы жағдай орын алып, 2023 жылы 4,1% өскенімен, 2019-2023 жылдар арасындағы жылдық орташа өсу қарқыны 2,16%-ға төмендеді. 2019 жылы 1,98 триллион доллар болған коммуникациялық технологиялар нарығы 2020 жылы 1,9 триллион долларға, 2021 жылы 2,32 триллион долларға және 2022 жылы 2,54 триллион долларға өскеннен кейін 2023 жылы қайтадан 2,512 триллион долларға дейін төмендеді. Керісінше, ақпараттық технологиялар нарығы 2019 жылы 1,852 триллион долларға, 2020 жылы 1,848 триллион долларға, 2021 жылы 1,936 триллион долларға, 2022 жылы 1,862 триллион долларға, сонымен қатар 2023 жылы 1,93 триллион долларға жетіп, құбылмалы болды (Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл жерде 2022 жылдан кейін АКТ саласының дамуына ақпараттық технологиялардың қозғаушы күш болуы – назар аударарлық мәселелердің бірі.
Ал, болашағы тұрғысынан алып қарасақ, АКТ саласының жалпы өсу қарқыны 2027 жылы жаһандық ауқымда 6,23 триллион долларға жететіні болжанып отыр. Осы болжамға сай, коммуникациялық технологиялар саласы тоқырау күйінде қалып, 2024 жылдың соңына қарай 2 триллион доллар болса, 2027 жылы 2,3 триллион долларға жетеді. Ақпараттық технологияларға келетін болсақ, өткен жылдардағы өсу қарқынын жалғастырып, орташа жылдық өсу қарқыны 9% болып, 2024 жылдың аяғындағы 2,78 триллион доллардан 2027 жылы 3,89 триллион долларға жететін болады (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл қазіргі уақытта АКТ саласында бірдей үлеске ие ақпараттық технологиялар мен коммуникациялық технологиялар арасындағы алшақтық ұлғаяды деген сөз.
Жалпы алғанда, ақпараттық технологиялар саласының дамуына ықпал ететін факторларды қарастырған кезде, ChatGPT сияқты жасанды сана технологиясы мен қосымшалары инновациялардың көкжиегін кеңейтіп жатқанын көреміз. Мұндай жасанды сана қосымшалары, әсіресе ақпараттық технологиялар саласында жаңашыл өзгерістердің бірінен соң бірі орын алуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұлтты жүйелерді пайдаланудың артуы да компанияларды инвестициялық жоспарларында бұлтты технологияларға басымдық беруге мәжбүр етеді. Бұл динамика операциялық тиімділікті қамтамасыз етіп қана қоймастан, икемділік пен шығындардың үйлесімділігін ұсынып, ақпараттық технологиялардың инфрақұрылымының кеңінен қолданылуына ықпал етті. Осылайша, жасанды сана пен бұлтты технологиялар ақпараттық технологиялар саласының үнемі жаңарып, қарқынды дамып келе жатқан құрылымын нығайта түскен негізгі фактор ретінде алға шығып отыр. Коммуникациялық технологиялар саласында 5G технологиясының таралуын жетекші қозғаушы күш деп санауға болады. Қазіргі уақытта, егер жасанды сана технологиясы коммуникациялық технологиялармен көбірек ұштасса, бұл сала да ақпараттық технологияларға ұқсас серпін алатын болады (Тобиас және басқалар, 2023).
Жаһандық АКТ нарығы трансформация кезеңіне аяқ басып, өндіріс пен іскерлікте өнімділікті арттыру, уақытты үнемдеу және шығындарды азайту үшін жасанды сананы пайдалану жаңашылдықтың алды болып келеді. Chat GPT сияқты жасанды сана өнімдерінің таралу жылдамдығын түсіну үшін қысқаша салыстырар болсақ, мысалы, әлеуметтік медианың ең танымал құралдарының бірі TikTok-қа 100 миллион қолданушыға жету үшін 9 айдан астам уақыт кетеді. Ал Chat GPT (Business Insider, 2024) үшін небәрі 2 ай жеткілікті болды. Оның үстіне жасанды сананы пайдалану сұқпаттасу бағдарламаларының шеңберінен шығып, сурет пен бейне мазмұннан бастап ақпаратты талдау мен басқаруға дейін әртүрлі тақырыптарда қолданыла бастады. Бұл үрдістің бұлтартпас бір бөлігі ретінде бұлтты жүйелер қарқынды дамып, кең таралуда.
Осы өзгерістердің барлығын ескере отырып, Түркиядағы АКТ саласындағы динамика мен тенденцияларды қарастырайық. Түркиядағы АКТ саласы соңғы онжылдықта керемет дамуды бастан кешірді. Салада 2013 жылы 2,555 компания жұмыс істесе, 2023 жылы олардың саны 10,424-ке жетті (Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл жағдай сектордың өсу қарқынына да, экспортқа да оң ықпал етті. Яғни 2019-2023 жылдар аралығында орташа өсу қарқыны 50% болып, 2019 жылғы 152 миллиард лирадан 2023 жылы 784,6 миллиард лираға жетті. Мұндағы ең үлкен секіріс 2023 жылы болып, өсу қарқыны 92%-ды құрады. Доллармен есептегенде, сектор 2019 жылғы 26,9 миллиард доллардан 2023 жылы 33 миллиард долларға дейін 4%-ға өсті (Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Түркия туралы деректермен бөліскен кезде нәтижелерді лирамен көрсету тиімді, өйткені тек доллармен жасалған талдаулар лира курсының долларға қатысты құнсыздануына байланысты АКТ-дағы даму үдерісін толық көрсетпейді.
АКТ саласының бір бөлігі болған ақпараттық технологиялардың қозғаушы күшін зерттегенде, техникалық жабдықтау жыл сайын 68%-ға өсіп, 2023 жылы 133 миллиард лираға жетті. Бұл жағдай бағдарламалық қамтамасыз етуде 132%-ға артып, 206,9 миллиард лираға жетсе, қызмет көрсетуде 62,2 миллиард лираға жетіп, 96%-ға артты. Коммуникациялық технологиялардың ішкі санаттарына қарасақ, 2023 жылы электронды байланыс 224,5 миллиард лирамен 72%-ға, аппараттық құралдар 157,8 миллиард лирамен 93%-ға өсті. Ақпараттық технологиялардың жылдық өсу қарқыны лирамен есептегенде шамамен 60% және доллармен есептегенде 12% болды. Коммуникациялық технологиялар лира негізінде 41% өссе, доллар негізінде 1% қысқарды (Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл өсу қарқыны цифрлық трансформация мен технологиялық жетістіктердің, сондай-ақ саладағы тұрақты инновациялар мен әзірлемелердің әсерін көрсетеді. Атап айтқанда, жасанды сана технологиялары мен бұлтты жүйелердің таралуы сектордың өсуін қолдайтын негізгі факторлардың бірі болды. Бұл динамика Түркиядағы АКТ саласының болашақта да қарқынды дамитынын көрсетеді.
Түркияның АКТ саласының жалпы жағдайында көрініс тапқан бұл жылдам өсу үрдісін әртүрлі салалардағы негізгі көрсеткіштерден көре аламыз. Бұл бізге сектордың дамуы кейбір шектеулі жетістігінен гөрі, кешенді түрде жүріп жатқанын көрсетеді. Осы жерде кейбір мысалдар келтіретін болсақ, 2022 жылмен салыстырғанда Түркиядағы технологияларды дамыту аймақтарындағы компания саны 2023 жылы 8,972-ден 10,275-ке, ал жұмысшылар саны 93,173-тен 108,360-қа өсті. Сонымен қатар, жалпы айналым 75,6 миллиард лирадан 207,5 миллиард лираға жетіп, экспорт көлемі 19,9 миллиард лирадан 47,5 миллиард лираға ұлғайды. Технопарктер саны 97-ден 101-ге жетсе, бұл технопарктердегі компаниялардың айналымы/компания қатынасы 8,4 миллион лирадан 20,1 миллион лираға өсті. Экспорт/технологиялық қатынас 204,9 миллион лирадан 470,2 миллион лираға артты (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл ақпарат Түркиядағы технологияларды дамыту аймақтары мен технопарктердің 2022-2023 жылдар аралығындағы жетістіктерін айқын көрсетіп, сектордағы кеңею мен дамудың тоқтаусыз жалғасып жатқанын айғақтайды. Бұл өсу әлеуеті жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосты. Мысалы, 2023 жылы АКТ саласы 11% өсіммен 237 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берсе, оның ішінде ақпараттық технологиялардың үлесі 78%-ды, коммуникациялық технологиялардың үлесі 22%-ды құрады. Екінші жағынан, қызметкерлердің 31%-ын әйелдер құрайтыны басқа секторларға қарағанда жоғары көрсеткішке ие (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024).
Түркияда АКТ саласында жұмыс істейтін компаниялардың негізінен банктік және қаржылық қосымшалар, шешімдерді қолдау жүйелері, кибер қауіпсіздік, телекоммуникациялық және желілік қосымшалар, веб-технологиялар, кәсіпорын ресурстарын жоспарлау модульдері, ендірілген жүйелер (арнайы мақсаттағы жүйелер) және ойын индустриясында көбірек қызмет көрсететінін байқауға болады. Ақпараттық технологиялардың жетекші бөлімдері болған бағдарламалық қамтамасыз ету компаниялары ең көп жұмыс істейтін салаларға қарасақ, банктік және қаржылық қосымшалар 46% үлеспен көш бастап тұр. Одан кейін шешімдерді қолдау жүйелері 34%, кибер қауіпсіздік 29%, телекоммуникациялық және желілік қосымшалар 28%, веб-технологиялар 24%, кәсіпорын ресурстарын жоспарлау модульдері 21%, ендірілген жүйелер 14% және ойын индустриясы 4%-ды құрайды. Бұл Түркиядағы банк саласының қажеттіліктері АКТ саласын қозғаушы күш ретінде қолдайтынын білдіреді (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Қалғандары әртүрлі секторлардың инфрақұрылымын, коммуникациялық және ұйымдастырушылық қажеттіліктерін қанағаттандырады.
АКТ саласының өкілдерінен олардың болашағы туралы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, олардың 76%-ы алдағы 1-3 жылда жасанды санаға ерекше мән берсе, ал 54%-ы бұлттық технологияның жетістіктерін атап көрсетеді. Екінші жағынан, 21% кәсіпорын ресурстарын жоспарлау модульдерін, 14% ендірілген жүйелерді және 4% ойын индустриясының жаңа трендтер арасында ерекшеленетінін айтты. Блокчейн, орталықтандырылмаған қаржы, NFT және Web 3.0 ең тиімді сала болады деп ойлайтындардың үлесі 3%-дан аспайды (Түркия Информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024).
АКТ саласын құрылымдық түрде аппараттық, бағдарламалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету бөліктер тұрғысынан қарастырсақ, Түркияда да, әлемде де әртүрлі тенденциялар бар. Түркияда 2019 жылы техникалық жабдықтау 37%, бағдарламалық қамтамасыз ету 42% және қызмет көрсету 21% үлеске ие болды. Алайда 2023 жылға қарай техникалық жабдықтаудың үлесі 14%-ға дейін төмендесе, бағдарламалық қамтамасыз етудің үлесі 55%-ға және қызмет көрсету саласының да үлесі 31%-ға өсті (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл өзгеріс бағдарламалық қамтамасыз ету саласының нарықта қарқынды дамып келе жатқанын және техникалық жабдықтаудың үлесі бірте-бірте азайып келе жатқанын анық көрсетеді.
Осыған байланысты жаһандық тенденцияларды қарастыратын болсақ, Түркияның қазіргі уақытта дамушы елдерге ұқсас профилі бар. Осы кезде Бразилия, Мексика және Индонезия сияқты дамушы елдерде техникалық жабдықтау, бағдарламалық қамтамасыз ету және қызметтер арасында теңгерімді құрылым бар. Дегенмен, Сингапур, Англия, АҚШ және Германия сияқты осы сектордағы жетекші елдерде тарату негізінен бағдарламалық қамтамасыз етуге бағытталған. Мысалы, Сингапурда АT саласында бағдарламалық қамтамасыз етудің үлесі 70% болса, қызметтердің үлесі 10%, техникалық жабдықтаудың үлесі 20% (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Түркияда соңғы жылдары бағдарламалық қамтамасыз ету үлесінің артуы да елдің дамушы елден дамыған елге айналғанын көрсетеді.
Түркияның жаһандық АКТ саласындағы үлесі 2023 жылы 0,74%-ды құрады. Екінші жағынан, саланың елдің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 2,99%-ды құрады. Түркияның жалпы экспортындағы АКТ саласының үлесі 0,95%-ды құрады (Түркия информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы, 2024). Бұл деректер қарқынды дамып келе жатқан АКТ саласының ұлттық экономика тұрғысынан да, жаһандық нарықтар тұрғысынан да маңыздылығын арттырып қана қоймай, өсу әлеуеті зор екенін көрсетеді.
Бұл өсім тек коммерциялық деректермен ғана шектеліп қоймастан, елдің соңғы 5 жыл ішінде Жаһандық Инновация индексіндегі орнын да үздіксіз жоғарылатты. Аталмыш рейтинг де елдің 2019 жылғы 49 орыннан 2023 жылы 37 орынға көтерілуінде АКТ саласы маңызды үлеске ие (Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, 2024). Осы кезеңде Түркияның инновациялық экожүйесіне салынған инвестициялар мен жүзеге асырылған стратегиялар маңызды рөл атқарды. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) инвестициялар, цифрлық трансформация жобалары және инновациялық саясаттар бұл өсудің негізгі қозғаушы күші болды.
Осыған байланысты адами капиталды ескерусіз қалдырмай, 2020 жылы Президенттік цифрлық трансформация кеңсесі мен Түркия Республикасының Қазына және қаржы министрлігі бірлесіп Түркияның 1 миллион бағдарламалық жасақтама жасаушы жобасын да жүзеге асырды. Жоба жас тұрғындарды цифрлық дағдылармен қаруландыру арқылы АТ саласында білікті жұмыс күшін құруға бағытталған. Осы тұрғыда қазірдің өзінде 2,165,566 адам 545-тен астам түрлі оқу модульдерімен оқытылды және бұл жобаға 292 жұмыс беруші қатысты. Осылайша, Түркияның цифрлық түрлендіру қадамына айтарлықтай үлес қосты (1 миллион job.gov.tr, 2024).
Қорытындылай келе, Түркияның АКТ саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, елдің ұлттық және жаһандық нарықтарда маңызды орынға жету мүмкіндігін күшейтті. Бұл сала интернет инфрақұрылымын, жасанды сана пен бұлтты технологияларды дамыту сынды инновациялардың әсерінен қарқынды дамып келеді. АКТ саласының ішкі секторларының бірі ақпараттық технологиялар жасанды сана пен бұлттық жүйелердің таралуымен ерекшеленсе, коммуникациялық технологиялар 5G технологиясының әсерімен назар аударды. Түркиядағы АКТ саласы жұмыспен қамтуға және экспортқа өз үлесін қосумен қатар, ҒЗТКЖ инвестициялары мен цифрлық трансформация жобалар аясында дамуын жеделдетті. Түркия жаһандық инновация индексіндегі көтерілуін жалғастырып, болашақта АКТ саласында маңызды ойыншы болу әлеуетін көрсетуде. Түркияның АКТ саласындағы бұл қарқынды өсу мен инновациялық инвестициялар елдің осы сектордағы орнын одан әрі нығайтады.
Дереккөз:
Business insider (2024). Chat gpt 100 миллион пайдаланушыға жетті. Сілтеме: https://www.businessinsider.in/tech/news/chatgpt-hits-100-million-users-in-two-months-heres-how-long-tiktok-instagram-and-google-took/slidelist/97641569.cms. Қаралған уақыты: 16.06.2024.
Deloitte (2024). Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар 2023 жылғы мақсаттарға жету жолында. Сілтеме: https://www2.deloitte.com/tr/tr/pages/technology-media-and-telecommunications/articles/2023-hedefleri-yolundabilgiveletiimteknolojilerideloittetuerkiye.html. Қаралған уақыты: 12.06.2024.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (2024). Жаһандық инновациялар индексі. Сілтеме: https://www.wipo.int/edocs/pubdocs/en/wipo-pub-2000-2023-en-main-report-global-innovation-index-2023-16th-edition.pdf. Қаралған уақыты: 12.06.2024.
Түрік информатика өнеркәсіпшілері қауымдастығы (2024). Бұл туралы TUBISAD хабарлайды. Сілтеме: https://www.tubisad.org.tr/tr/bilgi-bankasi/sunumlar-liste/TUBISAD-Raporlar/40/0/0. Қаралған уақыты: 10.06.2024.
Харли, Тобиас, Бьорнссон, Рова, Сингла, Алекс, Соколов, Олег және Сухаревский, Алекс (2023). Өнімді жасанды сана мүмкіндіктері құн тізбегі тұрғысынан зерттелуде. Сілтеме: https://www.mckinsey.com/capabilities/quantumblack/our-insights/exploring-opportunities-in-the-generative-ai-value-chain. Қаралған уақыты: 17.06.2024.
Чуй, Майкл, Исслер, Мена, Робертс, Роджер және Йе, Ларейна (2023). McKinsey технологиясының тенденцияларының болжамы. Сілтеме: https://www.mckinsey.com/capabilities/mckinsey-digital/our-insights/the-top-trends-in-tech#new-and-notable. Қаралған уақыты: 12.06.2024.
1 миллион job.gov.tr (2024). 1 миллионға жуық жұмыспен қамту жобасы. Сілтеме: https://1milyonistihdam.hmb.gov.tr/proje-hakkinda. Қаралған уақыты: 14.06.2024.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

