Соңғы 30 жылдағы қарқынды экономикалық өсу көрсеткіштерінің арқасында Қытай қазір әлемдегі екінші үлкен экономикаға айналғанымен, бірақ бұл үдерісте жылдар бойы көмескіленіп келген мәселелер де жарыққа шыға бастады. Қытайдың экономикалық күшеюмен қатар мемлекет қуатының да артуы ресми Пекиннің экономикалық держава ғана емес, жаһандық держава болу қиялын да асқындыра түсті. Дегенмен, Қытай билігінің соңғы жылдары анық байқала бастаған көптеген ішкі және сыртқы мәселелерге тап болғанымен, бұл мәселелерді ұзақ уақыт елемеу де өз алдына бір мәселе болып отыр.
Қалай дегенмен Қытайдың күшеюін ресми Пекиннің соңғы 30 жылда жүзеге асырған «Социалистік нарықтық экономика» аясындағы реформаларынан бөле қарауға болмаса да, елдің ең үлкен өзекті мәселелерінің көш басында және де экономикалық мәселелер тұрғанын айтуға болады. Онсыз да соңғы жылдары Қытай экономикасының өсу қарқыны тұрақты түрде баяулап, COVID-19 індетінен кейін бұл баяулау одан ары еселене түсті. Мысалы, 2020 жылы 2,2% өсу қарқынымен соңғы 40 жылдағы ең төмен көрсеткішті бастан өткерген Қытай экономикасы 2021 жылы 8,4% өскеннен кейін 2022 жылы қайтадан баяулап, небәрі 3% өсті. [Қытай Ұлттық статистика институты, 2023a] . Ал, 2023 жылы Қытай экономикасы 4,8%-ға өседі деген болжам бар [БҰҰ, 2023]. Ұзақ уақыт бойы Қытай экономикасының негізгі локомотивтерінің бірі болған жылжымайтын мүлік секторы қазіргі жағдайда күйреу шегіне жақындады. Мысалы, Қытайда 2022 жылы коммерциялық жылжымайтын мүлікті сату 24,3%-ға және тұрғын үй сату 26,8%-ға төмендеді. Жаңа тұрғын үй құрылысының 39,4%-ға төмендеуі байқалады. Жылжымайтын мүлік секторына салынған инвестицияның жалпы көлемі 2022 жылы 10%-ға азайғаны байқалады. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік секторындағы шетелдік компаниялардың саны өткен жылмен салыстырғанда 48,4%-ға азайып, 581-ге дейін қысқарды, ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 41,8%-ға азайды [Қытай Ұлттық статистика институты, 2023b]. Қытайдың жылжымайтын мүлік секторындағы дағдарыс 2023 жылы тереңдей түсті. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында коммерциялық жылжымайтын мүлікті сату өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға және тұрғын үйді сату 5,5%-ға төмендесе, жаңа тұрғын үй құрылысы 24,4%-ға төмендеді. Осы кезеңде жылжымайтын мүлік секторындағы жалпы инвестиция 8,8%-ға және шетелдік инвестиция 41,6%-ға төмендеді [Қытай Ұлттық статистика институты, 2023c]. Жылжымайтын мүлік секторы соңғы 30 жылда Қытайдың экономикалық өсімінде бастамашы салалардың бірі болғанын және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын ескерсек, тереңдеп бара жатқан жылжымайтын мүлік дағдарысының қазіргі жағдайы ел экономикасына кері әсер етпей қоймайды.
Қытай экономикасының тұрақты өсуін сақтау үшін артып келе жатқан энергия тұтынуды үзіліссіз қамтамасыз ету қажет. Бірақ Қытай өзінің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сыртқы көздерге айтарлықтай тәуелді болғандықтан, энергетикалық қауіпсіздігінде де қауіп-қатер бар. Қытайдың энергия тұтынуы қазіргі уақытта дүние жүзіндегі энергия тұтынудың шамамен төрттен бірін құрайды және алдағы кезеңде де өсе береді деген болжам бар. Осы тұрғыда 2030 жылы Қытайдың жылдық мұнай тұтынуы 740 миллион тоннаға, жылдық табиғи газ тұтынуы 500 миллиард текше метрге, жылдық көмір тұтынуы 6 миллиард тоннаға, жылдық электр қуатын тұтынуы 10,7 триллион киловатт сағатқа жетеді деп болжанып отыр [GEIDCO, 2023]. Қытайдың энергетикада сыртқа тәуелділігі әлі де жоғары екенін ескерсек, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үлкен мәселе. Мәселен, Қытайдың мұнай тұтынуындағы импортқа тәуелділігі 2012 жылы 56,4%-ды құраса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 71,2%-ға жетті. Елдің табиғи газ тұтынудағы импортқа тәуелділік деңгейі 2012 жылы 25,9% болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 40% болды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытайдың мұнай тұтынудағы сыртқа тәуелділігі 72,8%-ды, табиғи газ тұтынудағы сыртқа тәуелділігі 39,5%-ды құрады [Фан, Ванг және т.б., 2023]. Қытайда 2020 жылдан бері жалғасып келе жатқан электр қуатының жетіспеу мәселесін елдегі энергетикалық қауіпсіздік тәуекелінің бір көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Сонымен қатар, Қытайдың энергия импортының күре тамыры ретінде жылдық жалпы мұнай импортының 80%-ы өтетін Малакка бұғазының жаһандық және аймақтық геосаяси және геоэкономикалық шиеленістердің әсеріне тікелей қырау ықтималдығы Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәуекелдерді арттыратын факторлардың бірі. Бұған қоса, ресми Пекин энергетикалық ынтымақтастық орнатқан энергия өндіруші және транзиттік елдердегі ықтимал саяси және экономикалық дағдарыс Қытайдың энергия импорты мен энергетикалық қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін екенін назардан тыс қалдыруға болмайды. Қытай мұнай және табиғи газ құбырларын салған Мьянмада және Қытай Хамбантота портын жалға алған Шри-Ланкада соңғы бірнеше жылда орын алған саяси және экономикалық дағдарыстардың мысалдары арқылы мұндай тәуекелдің болуын межелеуге болады.
Ұзақ жылдар бойы қарқынды экономикалық даму мен экономикалық өсуге көбірек көңіл бөліп, қоршаған ортаны бұзудан тартынбаған Қытай бүгінде ауаның ластануы, судың ластануы, қоршаған ортаның ластануы және қоқыс сияқты үлкен экологиялық мәселелерге тап болып отыр. Йел экологиялық құқық және саясат орталығы (YCELP) жариялаған 2022 жылғы Экологиялық тиімділік индексі бойынша Қытай 28,4 ұпаймен 180 елдің арасында 160-шы орында тұр [YCELP, 2023]. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәлімдемесіне сәйкес, Қытайда ауаның ластануынан жыл сайын шамамен 2 миллион адам қайтыс болады [ДДҰ, 2023]. Өйткені Қытайдың көміртегі шығарындылары соңғы жылдары күн сайын артып келеді. Мысалы, Қытайдың көмірқышқыл газының шығарындылары 2021 жылы 10,523 миллиард тонна болса, 2022 жылы 9,1%-ға өсіп, 11,48 миллиард тоннаға жетті [ДДҰ, 2023]. Шындығында, қатты қуаңшылық пен су тапшылығынан зардап шегетін Қытайда судың ластану мәселесі де ең маңызды экологиялық қиындықтарының бірі болып келеді. Сонымен қатар, 2021 жылғы Қытай денсаулық сақтау статистикасына сәйкес, судың ластануынан туындаған эндемиялық флюороз елдің 28 аймағында 66,254 миллион халыққа әсер етсе, ал 297 356 тіс флюорозымен және 66 303 қаңқа флюорозымен ауыратын науқас анықталды [Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы, 2021]. Бұл экологиялық мәселелер Қытайдағы экономикалық өсуге, тұрақты дамуға және адам денсаулығына кем дегенде қысқа және орта мерзімде кері әсер ететін маңызды мәселелердің бірі болары даусыз. Мәселені экономикалық және қаржылық тұрғыдан қарастыратын болсақ, ресми Пекин алдағы жылдарда экологиялық қиындықтармен күресу үшін неғұрлым сауатты кәсіби мамандар, құрал-жабдықтар мен тұрақты бюджетті қамтамасыз етуі керек.
Ресми Пекин ұзақ жылдар бойы жүргізіп келе жатқан бір бала саясатының жағымсыз салдарының бірі ретінде демографиялық өзгерістерге ұшыраған Қытай халқының қартаю көрсеткіші де жыл санап артып келеді. Мысалы, 2012 жылы Қытайда 60 және одан жоғары жастағы қарттардың саны 194,37 миллион адам болып, жалпы халықтың 14,3%-ын құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 267,36 миллионға жетіп, жалпы халықтың 18,9%-ын құрады [Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы, 2022]. Қытайдың табысы орташа елдер қатарынан шығуға тырысып жатқан кезеңіне сәйкес келген қартаю үдерісі әлеуметтік, денсаулық сақтау және экономикалық жақтарымен де маңызды мәселеге айналып отыр. Қытайда денсаулық сақтау мен әлеуметтік сақтандырудың кешенді жүйесінің болмауы, әсіресе халықтың тез қартаюы жағдайында бұл мәселе жетекші мәселелерінің біріне айналды. Дегенмен, артып келе жатқан сұраныспен салыстырғанда, елдегі қарттарға қызмет көрсету саласында қазірдің өзінде үлкен олқылық бар екені белгілі. Мысалы, егде жастағы халықтың 5%-ы немесе 9,5 миллионы халықаралық деңгейде қабылданған стандарттарға сәйкес күтім төсегіне мұқтаж болса, 2019 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш небәрі 4,38 миллион ғана болды [Қытай Банкі, 2022]. 2022 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша Қытайдың 31 провинциясы мен ірі қаласында қарттарға күтім көрсететін мекемелердің қамту деңгейі 62%-ды ғана құрады [Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы, 2022].
Осының бәріне қоса, Қытай билігі Тайвань мәселесі сияқты шешуі өте қиын мәселелермен де бетпе-бет келіп отыр. Қазіргі уақытта Қытай Оңтүстік Қытай теңізі мен Шығыс Қытай теңізіндегі егемендік дауларына байланысты көптеген аймақ елдерімен қайшылықта болып отырғанда, Үнді-Тынық мұхитындағы жаһандық және аймақтық геосаяси және геоэкономикалық күрес аясында Тайвань мәселесі мен Қытай-Тайвань қарым-қатынасының болашағы да маңызды сұрақ туындатып отыр. Соңғы жылдары Қытайдың Тайванға қарсы әскери белсенділігінің артуына байланысты Тайван билігі Қытайды басты қауіп ретінде қарастырып отыр. Ресми Пекин Тайванды Қытай территориясының бір бөлігі ретінде қабылдаса да, ресми Тайбэй Тайванның Қытайға қарсы қазіргі статус-квосын қорғауды және тіпті тәуелсіздігін нығайтуды жалғастыратыны сөзсіз.
Қорытындылай айтқанда, Қытай экономикалық, экологиялық және демографиялық мәселелерден тыс, Тайван мәселесімен қатар маңызды геосаяси және геоэкономикалық қиындықтарға да тап болып отыр. Өйткені, 2012 жылы қарашада Қытай төрағасы Си Цзиньпин билікке келуімен ресми Пекиннің «Қытай арманы» ұраны аясында да, «Белдеу мен жол» бастамасы шеңберінде де, сондай-ақ «Қытай стиліндегі ұлы держава дипломатиясы» аясында да жаһандық гегемонияға ұмтылуы Қытайдың Батыс елдерімен, әсіресе АҚШ-пен бәсекелестігін арттыра түсті. Сондықтан жаһандық және аймақтық ауқымда өзінің саяси, экономикалық және әскери ықпалын арттыруға тырысып жатқан Қытай, әсіресе, әлемдік күштер тепе-теңдігі шоғырланған Үнді-Тынық мұхиты аймағында геосаяси оқшаулануға бетпе-бет келуі ықтимал. Бұл тұрғыда АҚШ пен оның одақтастары AUKUS, Quad және басқа да қауіпсіздік келісімдері арқылы Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытайға қарсы одақтастығын одан әрі кеңейтуге тырысып келеді Сонымен қатар, ресми Пекиннің Тайванға қарсы агрессивті көзқарасы мен соңғы жылдардағы Гонконг саясаты, Тибет пен Шығыс Түркістандағы адам құқықтарына қайшы қысым көрсету саясаты демократиялық елдердің Қытайға деген наразылығын арттырып отыр. Әсіресе, қазіргі жағдайда Қытайдың АҚШ және Еуропалық Одақпен (ЕО) қарым-қатынасы соңғы отыз жылдағы ең төменгі деңгейде. Жаһандық гегемонияға ұмтылған Қытайдың бір партиялық билік жағдайында бұл мәселелермен қалай күресуі ресми Пекиннің алдағы кезеңде қайтадан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жасай алу-алмауына тікелей байланысты.
Дереккөз:
GEIDCO (2023). Қытайдың 2030 жылға дейінгі энергетика мен электр энергетикасын дамыту жоспары және 2060 жылға дейінгі зерттеулер. Сілтеме: https://yhp-website.oss-cn-beijing.aliyuncs.com/upload/%E3%80%8A%E4%B8%AD%E5%9B%BD2030%E5%B9%B4%E8%83%BD%E6%BA%90%E7%94%B5%E5%8A%9B%E5%8F%91%E5%B1%95%E8%A7%84%E5%88%92%E7%A0%94%E7%A9%B6%E5%8F%8A2060%E5%B9%B4%E5%B1%95%E6%9C%9B%E3%80%8B_1616498546246.pdf. Қаралған уақыты: 04.10.2023.
Йел экологиялық құқық және саясат орталығы (2023). 2022 EPI нәтижелері. Сілтеме: https://epi.yale.edu/epi-results/2022/component/epi. Қаралған уақыты: 05.10.2023.
Қытайдың Ұлттық статистика институты (2023а). Қытайдың 2022 жылғы ұлттық экономикалық және әлеуметтік дамуы туралы есебі. Сілтеме: http://www.stats.gov.cn/english/PressRelease/202302/t20230227_1918979.html#:~:text=The%20per%20capita%20GDP%20in,percent%20over%20the%20previous%20year. Қаралған уақыты: 03.10.2023.
Қытайдың Ұлттық статистика институты (2023б). 2022 жылы Ұлттық жылжымайтын мүлік секторындағы даму және сату. Сілтеме: http://www.stats.gov.cn/english/PressRelease/202301/t20230118_1892298.html. Қаралған уақыты: 03.10.2023.
Қытайдың Ұлттық статистикалық институты (2023c). Ұлттық жылжымайтын мүлік нарығының 2023 жылғы қаңтар-тамыздағы негізгі жағдайы. Сілтеме: http://www.stats.gov.cn/english/PressRelease/202301/t20230118_1892298.html. Қаралған уақыты: 03.10.2023.
Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы, (2021). 2021 Қытай денсаулық сақтау статистикасының есебі. Пекин: Пекин Одағы медициналық колледжінің баспасөзі, 2021.
Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы (2022). Халықтың қартаюының себептері туралы 2021 жылғы Ұлттық есеп. Сілтеме: http://www.nhc.gov.cn/cms-search/xxgk/getManuscriptXxgk.htm?id=e09f046ab8f14967b19c3cb5c1d934b5. Қаралған уақыты: 06.10.2023.
Қытай банкі (2022). Қытай халқының қартаюы: қазіргі жағдайы, себептері мен салдары. Сілтеме: https://pic.bankofchina.com/bocappd/rareport/202201/P020220113723607167368.pdf. Қаралған уақыты: 06.10.2023.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (2023). Қытайдағы ауаның ластануы. Сілтеме: https://www.who.int/china/health-topics/air-pollution. Қаралған уақыты: 05.10.2023.
Фан Далей, Ван Цзунли, Ван, Юян (2023). 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы отандық және шетелдік мұнай-газ ресурстарының жағдайын талдау және күту [J]. China Mining журналы, 32(8): 1-8.
SOHU (2023). Қытайдың 2022 жылғы көмірқышқыл газының шығарындыларын, эмиссия құрылымын және транзакция көлемін талдау. Сілтеме: https://www.sohu.com/a/678555338_121388092#:~:text=%E8%BF%91%E5%87%A0%E5%B9%B4%EF%BC%8C%E6%88%91%E5%9B%BD%E7%A2%B3,%E5%90%A8%EF%BC%8C%E5%90%8C%E6%AF%94%E5%A2%9E%E9%95%BF9.1%25%E3%80%82. Қаралған уақыты: 05.10.2023.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.