1991 жылдың 31 тамызында Өзбекстан мемлекеті өз тәуелсіздігін алған соң, мемлекеттің бюджет жүйесінің өзіндік моделін жасады. Мемлекеттік қаражатты тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін мемлекеттің заңды әрі нормативтік-құқықтық базасын құру басым міндет болды (Cyberleninka.ru, 2020). Өзбекстан Республикасының «Бюджет жүйесі» заңына сәйкес, мемлекеттің бюджет жүйесі әр түрлі деңгейлердегі бюджеттің жиынтығы, бюджеттердің ұйымдастырылуы және бюджеттердің құрылуы мен бюджеттер арасындағы қарым-қатынастар болып табылады (Online.zakon.kz, 2020).
Өзбекстан бюджет жүйесінің дамуы бірнеше кезеңді бастан өткерген. Өзбекстан бюджет жүйесінің құрылуының және дамуының алғашқы кезеңі әкімшілік-әміршіл жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтуі экономикалық дағдарыс шарттарында орын алған. Бұл уақыт аралығында жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) күрт төмендеуі және оның салдарынан елдің мемлекеттік бюджетіндегі табыстың да тқмендегені байөалады. Бұл кезеңде мемлекеттік бюджет өзінің кіріс бөлігін құрайтын жоғары салық ставкаларымен сипатталған. 1995 жылы бюджеттік реформалардың екінші кезеңінде мемлекеттік бюджет пен бюджеттен тыс қорларды бірыңғай бюджетке шоғырландыру мәселесі көтерілді. Бұл жаңашылдық мемлекеттік бюджеттің қалыптасуы мен бөлінуін бақылауды күшейтуге ықпал етті. Осы кезеңнің негізгі мақсаттарының қатарына бюджеттік заңнаманың одан әрі дамытылуы және елдің салық жүйесінің жаңартылуы жатады (Skachatreferat.ru, 2020). Бюджеттік реформаның үшінші кезеңінің негізгі мақсаты мемлекеттік бюджеттің шығынын төмендету болып белгіленді. Осы мақсатқа жету үшін жоғары сапалы және ең төменгі бағамен бюджеттік сатып алуды реттеудің әдістерін орындау, қаржыландыру және енгізу болды. Бюджет жүйесіндегі реформалардың төртінші кезеңі 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Бұл кезеңде мемлекеттік қаржыны реформалау аясында мемлекеттік қаржы жүйесі одан әрі дамыды (Cyberleninka.ru, 2014).
Өзбекстан Республикасы унитарлы мемлекет болуымен қатар екі деңгейлі бюджет жүйесі бар. Ел бюджеті республикалық бюджеттен, Қарақалпақстанның бюджеттерінен, облыстардың және Ташкент қаласының жергілікті бюджеттерінен тұрады. Елдің шоғырландырылған бюджетіне Өзбекстан Республикасының Зейнетақы қоры, Мемлекеттік жол қоры және Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры сияқты мақсатты бюджеттен тыс қорлар кіреді (Biznes-daily.uz, 2014). Елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзиёевтің мемлекетті басқаруға келуімен ауқымды реформалар басталды. Жүргізіліп жатқан барлық реформалар елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бюджеттік мәліметтердің айқындылығын қамтамасыз ету үшін 2018 жылғы 22 тамыздағы «Бюджеттік деректердің айқындылығын және азаматтардың бюджеттік процестерге белсенді қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, бюджет қаражатының құрылуы және жұмсалуы бойынша парламенттік және қоғамдық бақылаудың жаңа тәртібі белгіленді (Kommersant.uz, 2019). Президенттің қазіргі нарықтық жағдай шарттарында орын алған бұл бастамасы ел үшін ең маңызды құндылықтардың біріне ие болды.
2019 жылдың желтоқсанында Өзбекстан президенті «Өзбекстан Республикасының 2020 жылға арналған мемлекеттік бюджеті» туралы заңдағы түзетулерге қол қойды. Бұл құжат Заң шығарушы органдармен мақұлданды және заңдастырылды (Gazeta.uz, 2020). 2020 жылдан бастап елде жаңа бюджет жүйесі енгізілді. Мұндай заң Өзбекстанда алғаш рет қабылданды. Заңға сәйкес республикалық бюджеттің шығындарын Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис палаталары және жергілікті бюджеттің шығынын жергілікті Кангаш депутаттары бекітеді. Шоғырландырылған мемлекеттік бюджет 2020 жылдан бастап мемлекеттің сенімгерлік қорларынан және сыртқы қарыз қорларынан келген шығынды көрсетеді. Шоғырландырылған бюджетмемлекеттік бюджеттен және 18 қордан тұрады (Uza.uz, 2019). Министрліктерге орта мерзімді перспективада бағдарламаларды жоспарлауға мүмкіндік беретін жаңа бюджеттік күнтізбе енгізілді.Бірінші және екінші сатыдағы бюджет менеджерлерін бөлу жүзеге асырылады (Gazeta.uz, 2019). «Өзбекстан Республикасының 2020 жылға арналған мемлекеттік бюджеті» заңына сәйкес, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 2019 жылға қарағанда 25%-ға артып, 102,6 трлн. сомға (10,7 млрд. долларға) жетеді деп күтілуде. Шығындар болса 2019 жылмен салыстырғанда 22,4%-ға артып, 107,1 трлн. сом (11,2 млрд. доллар) болады деп күтілуде .Егжей-тегжейлі талдау нәтижесінде білім беруге жұмсалатын шығындар 2020 жылы 10%-ға артып, 30 трлн. сомды (3,1 млрд. доллар) құрайтын болады. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 14,8 трлн. сомға (1,5 млрд. доллар), білім саласына бағытталған шығындар 1 трлн. сомға (104,6 млн. доллар), мәдениет және спорт шығындары болса 2,3 трлн. сомға (240,7 млн. доллар) артады. Бұл шығындардың бір бөлігі республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады, ал қалған бөлігі жергілікті бюджеттер есебінен жабылады. Алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқыны 5,5%-дан 6,2%-ға дейін өседі деген болжамдар бар (Gazeta.uz, 2019). Екінші жағынан, 2021 жылғы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 0,2%-ын (150 млн. доллар) құрайды және бұл көрсеткіш 2022 жылы оң көрсеткішке айналу арқылы бюджеттің 0,2% профицитіне жетеді деп болжануда.
Сонымен қатар, 2020 жылы заңда алғаш рет өнеркәсіп пен ауылшаруашылық саласындағы жобаларға бағытталатын 4 млн.доллар көлемінде мемлекеттік кепілдеме бойынша сыртқы қарызға шектеулер енгізілді. Мұндай шектеу орта мерзімді перспективада елдің сыртқы қарызын басқаруға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу үшін халықаралық қаржы мекемелерінен 2019 жылдағыдай 450 млн. доллардан астам сомаға несие алу жоспарланып отыр (Uz.sputniknews.ru. 2019). Қорытындылай келе, мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану жаңа заңның және тұтастай алғанда елдің бюджет жүйесінің басты міндеті деп айтуға болады. Осылайша, әлемдегі ұзақ қаржылық дағдарыс кезінде төмендеу тенденциясына тек кірістердің ғана емес, сонымен бірге бюджет шығындарының да әсері болып тұр. Өзбекстан үкіметінің экономиканы жаңғыртуды қамтамасыз ету, инвестициялық тартымдылықты арттыру, жаңа заң аясында көзделген макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқынына қол жеткізу үшін қабылдаған шаралары халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Дереккөз:
Forinsurer.com (2020). Девлет бютчеси ве пияса экономисиндеки өнеми. Сілтеме: https://cyberleninka.ru/article/n/gosudarstvennyy-byudzhet-i-ego-znachenie-v-usloviyah-rynochnoy-ekonomiki/viewer, қаралған уақыты: 02.02.2020.
Online.zakon.kz (2020). Өзбекстан Джумхурийети Девлет Бютче Кануну. Сілтеме: https://online.zakon.kz/document/?doc_id=31489498, қаралған уақыты: 02.02.2020.
Skachatreferat.ru (2020). Үлкенин бютче системи. Сілтеме: https://www.skachatreferat.ru/referaty/%D0%91%D1%8E%D0%B4%D0%B6%D0%B5%D1%82%D0%BD%D0%B0%D1%8F%D0%A1%D0%B8%D1%81%D1%82%D0%B5%D0%BC%D0%B0-%D0%A1%D1%82%D1%80%D0%B0%D0%BD%D1%8B/67967.html, қаралған уақыты: 03.02.2020.
Cyberleninka.ru (2014). Өзбекистандаки бютче роформларынын йени ашамасы: Веримлилик ораны. Сілтеме: https://cyberleninka.ru/article/n/novyy-etap-byudzhetnyh-reform-v-uzbekistane-kurs-na-rezultativnost, қаралған уақыты: 04.02.2020.
Biznes-daily.uz (2014). Бютче системинин өзелликлери. Сілтеме: http://biznes-daily.uz/uz/mening-mulkim/20862-osobnnosti-byudjtnoy-sistmo. Алынған күні: 05.02.2020.
Kommersant.uz (2019). 2020 Йылы ичин Өзбекистан девлет бютчеси. Сілтеме: https://kommersant.uz/gosbyudzhet-uzbekistana-na-2020-god/, қаралған уақыты: 05.02.2020.
Gazeta.uz (2019). 2020 Девлет бютчеси. Сілтеме: https://www.gazeta.uz/ru/2019/12/16/budget-2020/, қаралған уақыты: 06.02.2020.
Uza.uz (2019). Өзбекистан Джумхурийети ”2020 йылы ичин Өзбекистан Джумхурийети девлет бютчеси’’ Йасасынын уйгуланмасына йөнелик өнлемлер хаккында. Сілтеме: https://uza.uz/ru/documents/o-merakh-po-obespecheniyu-ispolneniya-zakona-respubliki-uzbe-31-12-2019, қаралған уақыты: 07.02.2020.
Gazeta.uz (2019). 2020 Йылы ичин Ватандашлар ичин бютче басып шығарылды. Сілтеме: https://www.gazeta.uz/ru/2019/11/01/budget/, қаралған уақыты: 07.02.2020.
Gazeta.uz (2019). Сенато 2020 йылы ичин девлет бютчесини онайлады. Сілтеме: https://www.gazeta.uz/ru/2019/11/30/budget/, қаралған уақыты: 08.02.2020.
Uz.sputniknews.ru (2019). Өзбекистан Джумхурбашканы 2020 йылы ичин бютчейи имзалады. Сілтеме: https://uz.sputniknews.ru/economy/20191210/12979641/Prezident-Uzbekistana-podpisal-byudzhet-na-2020-god.html, қаралған уақыты: 08.02.2020.
Not: Bu blogda ifade edilen görüşler yazarın kendi görüşleri olup Enstitü’nün yayın politikasını yansıtmamaktadır.
Философия ғылымдарының докторы (PhD) Жандос Ранов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Экономика және әкімшілік ғылымдар факультетінің Халықаралық қатынастар бөлімін бітірді. 2008 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Экономика және әкімшілік ғылымдар факультетінің Экономика бөлімінде магистр дәрежесін алды. Кейінірек сол университетте Есеп және аудит кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды.