Әлемдегі ең танымал ғарыш базаларының бірі болған Байқоңыр ғарыш айлағы (Космодром), Қазақстанның Қызылорда аймағындағы Қазалы қаласы мен Жусалы және Туратам ауылдарының маңында құрылған. 6717 км2 аумаққа ие базаның негізі 1955 жылы 2 маусымда қаланған және әлемдегі ең ескі және ең үлкен ғарыш базасы болып саналады. Кеңес әкімшілігі қауіпсіздік мақсатында 322 км қашықтықтағы базаны Байқоңыр деп жаңылыстырып атаған болатын [Хоуэл, 2018].
Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейдің ғарыш инфрақұрылымының ажырамас бөлігі [Tok, 2007] және Ресей Федерациясының адам ұшатын жалғыз ғарыш кешені болып табылады. Космодром ғарыштық зымырандар мен баллистикалық зымырандарды сынау үшін техникалық ұшыру және қону кешендеріне ие. Космодром құрылған аймақ оның маңызды географиялық ерешеліктеріне байланысты таңдалды. Мысалы қарастырылып отырған аумақтың тұрғын үй аудандарынан алыс болуы, ауылшаруашылықта аз пайдаланылуы, үлкен аумаққа ие болуы, жақын теміржол желісінің болуы және көп мөлшердегі ауыз су сияқты қажетті шарттардың болуы маңызды болды. Екінші жағынан, осы таңдау кезінде зымыранның ұшыру нүктесі мен зымыран басы тасталатын орын (Ресейдің Камчатка облысындағы Кура сынақ аймағы) арасындағы қашықтықтың кем дегенде 7.000 км болуы сияқты өлшемдер де ескерілген. Сондықтан Арал теңізі маңында, Орталық Азияның ең ірі өзендерінің бірі Сырдария өзеніне және Мәскеу-Ташкент теміржолына жақын шөлді аймақ таңдалды [Найшул, 2012].
Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран 7.000 км-ге дейін жетуі мүмкін, ол Байқоңырдан Қытайға, Үндістанға, Африка континентінің батысы мен солтүстігіне дейінгі барлық Еуропа елдеріне дейін жетуі мүмкін. Алайда, Америка Құрама Штаттары мен Ресей арасында жасалған стратегиялық қаруды шектеу туралы келісімге сәйкес [State.gov, 1972], Ресей келісімге қол қойғаннан бастап қару-жарақ санын барынша азайтуға күш салды және 2000 жылы Байқоңыр айлағын демилитаризациялап Ресейдің Федералдық ғарыш агенттігіне (Роскосмос) берді. 1997 жылдан бастап Космодромды Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінен Роскосмосқа кезең-кезеңімен ауыстыру үдерісі басталды және 2002 жылға дейін Космодромның басым бөлігі азаматтық кәсіпорындарға берілді. Космодромның Роскосмосқа ауысуымен әскери ғарыштық бөлімдердің көпшілігі 2007 жылдың соңында ғарыш базасын тастап, 500-ге жуық ресейлік сарбаз ғарыштық сынақ аймағында қалды [Ria.ru, 2014]. Осы себептен, Байқоңыр ғарыш базасы әскери құрылымнан азаматтық құрылымға айналғандықтан, Ресейге қорғаныс емес, өзінің әсер ету аймағын қорғауға мүмкіндік береді. Себебі бүгінде ол әскери базадан гөрі халықаралық ғарыш айлағы қызметін атқарады.
Туратам ауылына жақын орналасқандықтан «Туратам» космодромы деп те аталатын қарастырылып отырған ғарыштық базаның құрамына 15 ұшыру кешені (9 ракета-зымыран ұшыру, 4 құрлықаралық баллистикалық зымырандарды сынау үшін), 11 құрастыру-сынақ ғимараттары, 2 әуежай және басқа да инфрақұрылым кіреді. Ғарыш тарихындағы көптеген маңызды ұшулардың бастау нүктесі болып табылатын Байқоңыр ғарыш базасынан ғарыш дәуірінің басталуын көрсететін алғашқы жасанды жер серігі – Спутник-1 ғарышқа 1957 жылы 4 қазанда ұшырылды. Егер Юрий Гагарин 1961 жылы 12 сәуірде «Восток-1» ғарыш кемесімен алғашқы орбиталық ұшуды жасаса, «ғарышқа шыққан алғашқы әйел» атағына ие Валентина Терешкова «Восток-6» ғарыш кемесімен 1963 жылы 16 маусымда ғарышқа ұшырылды. Негізінен кеңестік және ресейлік ғарышкерлерді ғарышқа ұшу үшін пайдаланылған бұл аймақ қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін кейбір американдық және еуропалық ғарышкерлердің ұшуын жүзеге асырды [Хоуэлл, 2018]. Сонымен, қарастырылып отырған Космодром Ресей мен Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орынға ие болып, бұл екі елдің халықаралық беделге ие болуына жетелейді.
«Союз», «Циклон», «Протон», «Зенит» және «Энергия» сияқты құрлықаралық баллистикалық зымырандардың түрлі буындары, ғарыштық аппараттар және олардың модификациялары аталмыш Космодромда сыналды. Ұшқышпен басқарылатын Восток ғарыш кемесі (1961-1963), Восход (1964-1966), Союз (1966 ж. алғашқы пилотсыз ұшу, 1967 ж. пилотпен ұшу) және автоматты Прогресс (1978) Байқоңыр базасынан сыналды. Бұларға қосымша, Луна (1959-1976), Марс (1960-1973), Венера (1961-1978), Вега-1 және Вега-2 (олар Венераны 1984 жылы зерттеген) сияқты автоматты планетааралық станциялар аталмыш базадан ғарышқа жіберілді [Tass.ru, 2017]. Бұрын әр түрлі ғарыш аппараттарын сынауға болатын бұл аймақ бүгінде «Союз» астронавтын Халықаралық ғарыш станциясында ұшыру үшін қолданылады.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан аумағында қалған база үшін Ресей мен Қазақстан арасында 1992 жылы 25 мамырда Байқоңыр космодромын пайдалану туралы келісімге [Docs.cntd.ru, 1992] 1994 жылы 10 желтоқсанда Ресей мен Қазақстан арасында Байқоңыр космодромын жалға алу туралы келісімге [Docs.cntd.ru, 1994] қол қойылды. 1994 жылғы келісім 2008 жылы және соңғы рет 2017 жылы 9 қарашада жаңартылды. Келісімге сәйкес, Байқоңыр ғарыш айлағы – Байқоңыр кешенінің бөлігі және ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған технологиялық, техникалық, әкімшілік және кеңсе ғимараттарына ие аймақ. «Байқоңыр» кешені Ресей Федерациясымен бірге Қазақстан мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірлескен және халықаралық ғарыш бағдарламаларын, коммерциялық ғарыштық жобаларын, сондай-ақ азаматтық және зымыранға қарсы қорғаныс бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қолданылады. Келісімге сәйкес база 20 жылға жалға алынған және оны тараптардың біреуі осы келісімді оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 6 айдан кешіктірмей бұзу туралы жазбаша хабарлама жібергенге дейін келесі 10 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Ресей базаны пайдаланғаны үшін Қазақстанға жыл сайын 115 миллион доллар төлеуі белгіленді. Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылғы 9-10 қаңтардағы кездесуінде Байқоңыр кешенін тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылып, ғарыш айлағын жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды [Rbc.ru, 2004]. Аталмыш келісім арқылы Ресей Байқоңырды пайдалануды және Қазақстанда болуын алдағы 30 жыл ішінде кепілдендіргені белгілі болды.
Жоғарыда келтірілген ақпарат аясында бірінші кезекте Ресейдің Қорғаныс министрлігіне қарасты және баллистикалық зымырандар мен ғарыш аппараттарын сынау сияқты әскери мақсатта қолданылған Байқоңыр ғарыш базасы Роскосмосқа беріліп, демилитаризацияланғаннан бастап әскери мақсаттан гөрі саяси маңызға ие болды. Халықаралық ғарышкерлерді ғарышқа ұшыруды жүзеге асыратын база қорғаныстан гөрі, көлеміне және техникалық жабдықталуына байланысты, жалға алушы Ресей және территроясында орналасқан Қазақстанға халықаралық саясатта бедел әкелуде. Сонымен бірге, Космодром, ғарыш саласында жүзеге асырған «алғашқылары» арқасында ғарыштық ғылымға ғылыми-техникалық үдерісті енгізіп, ғарышқа жол көрсеткен негізгі ғарыш айлағы ретінде қарастырылады. Ғарыш дәуірінің басталғанын жариялаған алғашқы серік болған Спутниктің осы базадан ұшырылуы және Юрий Гагариннің Байқоңырдан адамзат тарихындағы ғарышқа алғашқы ұшуы сияқты Космодромның алғашқы тұңғыштарына ие болуы оның құндылығын арттырғаны сөзсіз.
Дереккөз:
Docs.cntd.ru (1992). Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісім. Сілтеме: http://docs.cntd.ru/document/901941545. Қаралған күні: 15.03.2020.
Docs.cntd.ru (1994). Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалдау шарты. Сілтеме: http://docs.cntd.ru/document/901756678. Қаралған күні: 15.03.2020.
Хоуэлл Э. (2018). Байқоңыр космодромы: ресейлік іске қосу кешені. Сілтеме: https://www.space.com/33947-baikonur-cosmodrome.html. Қаралған күні: 22.03.2020.
Найшул A. (2012). Байқоңыр космодромының орнын қалай таңдадық. Сілтеме: https://polit.ru/article/2012/04/14/baykonur/. Қаралған күні: 09.03.20.
Rbc.ru (2004). Космодромды жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Сілтеме: https://www.rbc.ru/society/09/01/2004/5703bc429a7947afa08ca21e. Қаралған күні: 15.03.2020.
Ria.ru (2014). Байқоңыр кешенінің тарихы. Сілтеме: https://ria.ru/20140225/996974396.html. Қаралған күні: 29.03.2020.
State.gov (1972). Америка Құрама Штаттары мен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы арасындағы анти-баллистикалық зымыран жүйесін шектеу туралы келісім. Сілтеме: https://2009-2017.state.gov/t/isn/trty/16332.htm. Қаралған күні: 22.03.2020.
Tass.ru (2017). Космодром Байконур. Сілтеме: https://tass.ru/info/2010642. Қаралған күні: 22.03.2020.
Tok G. (2007). Dünyadaki Uzay Üsleri, Bilim ve Teknik, No. 50. Сілтеме: http://www.biyolojiegitim.yyu.edu.tr/fizuzaypdf/Dunya20076S.pdf. Қаралған күні: 08.03.2020.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Қанапиянова Жулдыз Бақытқызы, 1986 жылы 26 желтоқсанда ШҚО-да туылған. 2004 жылы орта мектептi қызыл аттестатпен бiтiрген соң, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетiнiң халықаралық қатынастар факультетiне түседi. 2008 жылы халықаралық қатынастар бакалавр дәрежесiн күндiзгi бөлiмде шет тiлдердi меңгере отырып үздiк тамамдайды.