Әр түрлі себептерге байланысты әлемдік азық-түлік нарығында негізгі қажеттілік ретінде қабылданған көптеген өнімдердің экспорты мен импортында орын алып жатқан қазіргі қолайсыз мәселелер жергілікті деңгейдегі нарықтарға да өз әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Соның мысалы ретінде соңғы айларда елімізде болып жатқан қант тапшылығы мәселесін айтуға болады. Баршаға мәлім, қант шоколад пен кондитерлік өнімдердің құрамдас бөлігі болумен ғана шектелмей, күнделікті азық-түлік пен түрлі тамақ өндірісінде кеңінен қолданылады. Сондықтан, ол мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар азық-түліктің бірі болуымен қатар, адам ағзасының қажеттіліктерін қамтамасыз ететін негізгі тағамдардың бірі болып есептеледі (Яковлева, 2017).
Осы себептерге байланысты туындаған қант жетіспеушілігі салдарынан халық арасында дүрлікпеге жол беріліп, бүкіл республика бойынша, әсіресе Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында қант сатып алудың ұзын-сонар кезегі қалыптасты. Бұл оқиға қант тапшылығы мәселесін одан әрі күшейте түсті. Осыдан кейін қанттың бағасы тез көтеріліп, екі есеге дейін өсті. Кейбір өңірлерде қант бағасының 800 теңгеден асқанын көруге болады (Tengrinews.kz, 2022). Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, қант бағасы осы жылдың сәуір айында 4,5%-ға, мамыр айында 5,7%-ға өскен. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2022 жылы қант бағасының 60,5%-ға қымбаттағаны байқалады (Kapital.kz, 2022a).
Қант тапшылығының маңызды себептерінің бірі ретінде Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің Еуразиялық Экономикалық Одақ елдеріне қантты экспорттауға тыйым салуын айтуға болады. Бұл тыйымның салдарынан қант тапшылығының Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарында жиі байқалатынын көруге болады. Жалпы айтқанда, Қазақстанның қант импортының жартысына жуығы Ресейден келеді. Осы себепті, әсіресе, еліміздің Ресеймен шекаралас облыстарын қантпен қамтамасыз етуде белгілі бір деңгейде Ресейден әкелінетін қантқа тәуелді. Бұл жағдай азық-түліктің көптеген түрлерін жеткізу кезінде түрлі мәселелердің туындуына әкеп соқтырады (Currenttime.tv, 2022a).
Екінші жағынан, қант тапшылығына әсер ететін мәселелер қатарына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің құрамында қанты бар сусындарға салынатын салық мөлшерін арттыру бойынша ұсынысын қосуға болады. 2023 жылдан бастап алкогольсіз сусындардың бағасы көтеріліп, тәтті тағамдар және басқа да көптеген қант өнімдері қымбаттауы мүмкін. Үкіметтің қант өнеркәсібі мен қантқа байланысты мұндай бастамасы экономиканың барлық салаларына, яғни өнім мен қызмет бағасының өсуіне себеп болады (Currenttime.tv, 2022b). Кейбір сарапшылар өндірушілерге салынатын 20%-дық акциздің өндіріс көлемінің 26,4%-ға төмендеуіне және 12 мың адамның жұмыстан қысқаруына алып келетіндігін және де сәйкесінше келесі жылы салықтан түсетін кірістің 131,6 миллиард теңгеден 96,8 миллиард теңгеге дейін төмендейтінін пайымдап отыр (Lsm.kz, 2021).
Үкімет салықтың мұндай түрінің көтерілуін ағзада қант құрамының артуынан туындайтын аурулармен күресудің бір жолы ретінде қарастырып отыр. Осы ұлттық жобаға сәйкес, құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізу шаралары 2023 жылы 20%-дан 2025 жылы 45%-ға дейін жүзеге асырылады (Видянова, 2021). Демек, 2023 жылдан бастап Қазақстанда тәтті алкогольсіз сусындардың қымбаттайтыны анық. Ал, бұл, сәйкесінше, құрамында қанты бар барлық өнім бағасының өсуіне әкеледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қант өндіретін төрт зауыт бар. Оның екеуі Жамбыл қаласында, екеуі Алматы қаласында орналасқан. Жамбыл облысындағы Меркі қант зауыты жылына 75 күн ғана жұмыс істейді. Оның себебі – шикізат пен қант қызылшасын егетін алаңдардың жеткіліксіздігі. Қант қызылшасы үшін мемлекет тарапынан жылына шамамен тоннасына 10 мың теңге бөлініп, 350 мың тоннаға дейін қант қызылшасы жиналады. Ал, басқа үш зауыт қант шикізатын өңдейді. Зауыттар жалпы өңдеу қуатына сәйкес айына шамамен 50 мың тонна қант өндіре алады (Inform.kz, 2022).
2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында қант өндірісі 38,4 мың тоннаны құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2%-ға төмен. Биылғы жылдың алғашқы үш айында отандық қант өндірушілер қантқа деген сұраныстың 39%-ын қамтамасыз етсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 43,8%-ды құраған. Осылайша, отандық өнім 25,2%-ға төмендесе, импорт 9%-ға азайып, барлығы 60,1 мың тонна қант импортталды. Қант экспортында қазірдің өзінде айтарлықтай төмен көрсеткіштер орын алып, 2022 жылдың алғашқы 3 айында 7 есеге жуық азайып, 0,1 мың тоннаны құрады (Inform.kz, 2022).
Кесте 1. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айлары үшін қант өндірісі және тұтыну (мың тонна)
№ | Қант өндірісі және тұтыну | Қаңтар-наурыз, 2021 | Қаңтар-наурыз, 2022 | Қаңтар-наурыз, 2021 (%) | Қаңтар-наурыз, 2022 (%) | Өсім (%) |
1.1 | Өндіріс | 51,4 | 38,4 | 43,8 | 39,0 | -25,2 |
1.2 | Импорт | 66,0 | 60,1 | 56,2 | 61,0 | -9,0 |
Жалпы | 117,4 | 98,5 | -16,1 | |||
2.1 | Экспорт | 0,7 | 0,1 | 0,6 | 0,1 | -87,3 |
2.2 | Ішкі нарықта тұтыну | 116,7 | 98,5 | 99,4 | 99,9 | -15,7 |
Жалпы | 117,4 | 98,5 | -16,1 | |||
Дереккөз: Ұлттық Статистика Бюросының мәліметтеріне сәйкес әзірленді |
Бағаны тұрақтандыру мақсатында құрамында қанты бар өнімдерді қант зауыттары облыстардың тұрақтандыру қорларына, сауда желілеріне және жеткізушілер сұранысына сәйкес қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылдың мамыр айында республика бойынша барлығы 30 мың тоннадан астам қант жөнелтілсе, маусым айына 44,8 мың тонна қант жоспарланған. Жергілікті әкімдіктер қантпен қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, бөлшек сауда желілерімен жұмыс жасайтн «Food Corporation» компаниясы арқылы Батыс Қазақстан облысына 204 тонна құмшекер жеткізілді. Сонымен қатар, зауыттар облыс қажеттілігіне сәйкес қосымша 408 тонна қант жеткізіп беруді жоспарлауда (Alau.kz, 2022). Қантқа сұраныстың артуына байланысты сауда желілері дүкен сөрелерінде өнім тапшылығын болдырмау және алып-сатарлардың заңсыз қозғалысына жол бермеу үшін халыққа қант сатуға шектеу қойды. Яғни, күнделікті қант саудасына шектеулер қойылып, сатылатын қант мөлшері адам басына ең көп 3 килограмм болып белгіленді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі қантты ел аумағынан сыртқа шығаруға тыйым салды (ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, 2022).
Алматыдағы Көксу қант зауыты өткен жылдан бері қант құрағын өңдейтін желіні іске қосты. Биылдан бастап Ақсу қант зауыты өңдеуге қажетті жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін тек ғана қант құрағын өңдейтін болады. Ал, Көксу қант зауытының басшылығы да шалғай аудандардан кәсіпорынға шикізат тасымалдау процесін субсидиялауды қолға алды (Kapital.kz, 2022b).
Қант өндірісінде қант қызылшасы шикізатын өндіруді арттыру да қарастырылуы керек (Kaztag.kz, 2022). Осы мәселеге қатысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, биылғы жылы жалпы егістік көлемі 974 мың гектарға жетіп, оның 6,2 мың гектары қант қызылшасы үшін бөлінгенін көруге болады. Екінші жағынан, қант секторын дамыту және отандық өнімді арттыру мақсатында қант қызылшасы егілетін алқаптарды жүйелі түрде ұлғайту арқылы 2025 жылға қарай жалпы көлемі 11,2 мың гектарға жету көзделіп отыр. Қант өндіру көлемін барлығы 175 мың тоннаға дейін ұлғайтып, елдің қантқа деген сұранысының 35%-ын қамтамасыз ету жоспарлануда (Kapital.kz, 2022a). Соңғы 10 жылда Тараз және Меркі қант зауыттарында қант шикізатынан шамамен 2,3 миллион тонна қант және қант қызылшасынан бар болғаны 60 мың тонна қант өндірілген. Осы ретте айта кететін жайт, Меркі зауытының толық қуатында жұмыс істеуі үшін Қазақстандағы қант қызылшасын өндіру көлемін үш есеге арттыру қажет (Кайырбеков, 2021).
Алайда, экономикалық тұрғыдан қарасақ, қант қызылшасынан қант өндіруге қарағанда қант шикізатынан қант өндіру әлдеқайда оңайырақ және шамамен 30%-ға арзанырақ болады (Ишекенова, 2021). Қант қызылшасын өндіру процесінде суару жүйелерінен бастап инфрақұрылымды жаңарту бұл шығындарды азайтуға көмектеседі. Отандық өндірістің ұлғаюының арқасында қант тапшылығына қатысты осындай қиындықтарды жеңу оңайырақ болады.
Қортындылай келе, ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерінен қысқа уақыт ішінде әлеуметтік мәселеге айналып үлгерген қант тапшылығы мәселесі ел үкіметі тарапынан үлкен қолдауға ие болып, тез арада мемлекеттік реттеуді қажет ететін мәселелердің біріне айналғанын көруге болады. Мұның дәлелі ретінде қант бағасының үкімет бекіткен бағадан көтерілмей бір қалыпты ұстап тұрғандығынан түсінуге болады. Екінші жағынан, бөлшек саудадағы шектеулердің жойылуы мәселенің шешілуіне оң әсер ететіні сөзсіз. Болашақта осындай қант тапшылығы дағдарысының алдын алу үшін өткен және қазіргі жағдайына үнемі жан-жақты талдау жасап отыру қажет. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибелерді пайдалану арқылы елімізде қант өнеркәсібінің дамуын жоғары деңгейге жеткізу керек.
Дереккөз:
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Жандос Құдайбергенов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия институтының зерттеушісі. 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2011-2013 жылдары Хаджеттепе университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. Нәтижесінде, «Оңтүстік-Шығыс Азиядағы интеграциялық процестер» атты магистрлік диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2018 жылы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Менеджмент» мамандығына докторантураға түсті