Қазақстанның геологиялық құрылымы ежелгі архей дәуірінен бастап жас тау шөгінділеріне дейін әртүрлі геологиялық құрылымдардың және тау жыныстарының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Осы себепті Қазақстан сейсмикалық белсенді аймаққа жатады. Әсіресе, Қазақстан тарихында Шығыс Қазақстан облысынан бастап Түркістан облысына дейінгі елдің шығыс, оңтүстік және оңтүстікшығыс аймақтары жойқын жер сілкіністерін бастан кешірді. Осы тұрғыда Алматы қаласы да өте қауіпті аймақ болып есептеледі. Бұған қоса, қазақстандық сейсмологтар аталмыш мегаполис арқылы 27 ірі тектоникалық плитаның өтетінін дәлелдеді (Төтенше жағдайлардан қорғау ұйымы, 2021).
Тарихқа жүгінсек, бұрын Алматыда бірнеше рет жойқын жер сілкінісі болды. Осыдан 136 жыл бұрын 1887 жылы магнитудасы 8,3-балдық Алматы жер сілкінісі болған. Бұл жер сілкінісі 1,799 тастан жасалған және 839 ағаштан жасалған көпқабатты ғимараттарды жермен жексен етті. Осы жер сілкінісінің салдарынан 332 адам өмірмен қош айтысса, 468 адам жарақат алды (Шашкина, 2023). Араға екі жыл уақыт салып, 7,3-балдық Шілік жер сілкінісі орын алса, 1911 жылы Алматы қаласы 10-балдық жойқын Кеминскілік жер сілкінісімен бетпе-бет келген. Осы зілзала 450-ге жуық адам өліміне, 5 мыңнан астам үйдің қирауына себеп болды (Almaty.zagranitsa.com, 2023). Кеминскілік жер сілкінісі Орталық Азия тарихындағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі болды.
Осылай бірінен соң бірі қатар болған жойқын жер сілкіністері Қазақстанның сәулет және қала құрылысы саласын табиғи апаттарға қарсы тұра алатындай етіп дамытуға итермелейтін себеп болуы керек еді. Сондай-ақ, Қазақстанда соңғы 40-50 жылда орын алған ірі жер сілкіністері ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне сынақ болды. Өйткені, жақын тарихтан көріп отырғанымыздай, осы жер сілкіністері кезінде көптеген ғимараттар қирап, әртүрлі дәрежеде зақымданған. Мысалы, 1978 жылдың 25 наурызында болған 7-балдық Жалаңаш-Түп жер сілкінісі (Нерсесов, 1981), 1979 жылдың 25 қыркүйегінде болған 7-балдық Бақанас жер сілкінісі (Нурмагамбетов, 1982), 1990 жылдың 14 маусымда болған 8-балдық Зайсан жер сілкінісі (Нурмагамбетов, 1996а) Қазақстанда белсенді сейсмикалық белдеулердің көп екенін көрсетеді.
7 және одан да жоғары магнитудада болған жер сілкіністері көптеген ғимараттарға айтарлықтай залал келтіретіні белгілі. Мысалы, 2003 жылдың 22 мамырдағы Луговой жер сілкінісі нәтижесінде жалпы білім беретін мектептердің он бес ғимаратының ішінен антисейсмикалық талаптарға сай келмейтін үш мектеп қирап, қалған он екі мектептің антисейсмикалық жағдайын күшейтуге тура келді (Абаканов, 2009). Жер сілкінісі салдарынын 2,649 тұрғын үй қирап, 6 аурухана апатты деп танылған болатын. Зілзаладан кейін 5, 103 үй және 4 аурухана толық жөндеуден өтті (Тойшибекова, 2018). Осы мысалдан көріп отырғанымыздай, аталмыш зілзала аймақтағы көптеген ғимараттардың жер сілкінісіне төзімді етіп салынбағанын байқауға болады.
Қазақстанның сейсмикалық белсенді деп саналатын аймақтарынан тыс жерлерде де қарқындылығы 4-5 балға тең болатын жер сілкіністері орын алуда. Мұндай дәрежедегі жер сілкіністері соншалықты жойқын болмаса да, 2014 жылдың 21 маусымында болған 4-балдық Қарағанды жер сілкінісі кейбір ғимараттардың қабырғаларының жарылуына себеп болды (Узбеков, 2018). Сондықтан, елдің сейсмикалық қауіпті аймақтары ғана емес, барлық аймақтары зілзалаға қарсы тұратын құрылыс нысандарын салуға мінтдеттелуі керек.
Жақында Түркияның оңтүстікшығыс бөлігінде орын алған жойқын жер сілкінісінен кейін әлемнің дерлік барлық елдері өздерінің құрылыс нысанарының осындай табиғи апатқа қаншалықты дайын екендігін тексеруге кірісіп кетті. Қазақстанда да сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар және ағымдағы жылдың екінші жартысында сейсмоаудит жүргізуді жоспарлауда. Бұл іс-шара барысында елдегі құрылыс нысандарының паспортталуының жаңартылуы тиіс. Соңғы рет Алматы қаласындағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілді (Tengrinews.kz, 2023). Паспорттау қорытындысы бойынша Алматыдағы тексерістен өткен 246 балабақшаның 129-ы жер сілкінісіне төзімді болса, қалғандарының төзімсіз екендігі анықталған. Ал 323 мектептің 190-ы сейсмикалық талаптарға сай келсе, 133-інің сәйкес келмейтіндігі анықталды (2016-2018 жылдарға арналған Жол картасы). Демек, күшті жер сілкінісі болған жағдайда, қаладағы балабақша мен мектептердің жартысына жуығы қирап қалу қаупі бар.
Сондықтан, Қазақстанның белсенді жер сілкінісі аймағында орналасқандығын ескере отырып, құрылыс лығы жағынан қолайсыз алаңдарға магнитудасы 7,5 және одан да жоғары жер сілкіністері болатын, тектоникалық жарықтардың пайда болуы ықтимал аумақтарда орналасқан, сұйылуға қабілетті топырақтық шөгінділері бар, топырақтары отырғыш, карсты, шаймаапандары, тау-кен үңгімелері бар алаңдар және осы Ережеге сәйкес қолайсыз деп көрсетілген алаңдар жатады (ҚР ҚЖ 2.03-30-2017 Ережесі).
Жер сілкінісі көпқабатты үйлерде көбірек сезілетіндіктен, Ережеде ғимараттың қабаттарының санына және биіктігіне нақты бір шарттар қойылған. Көпқабатты ғимараттар үлкен қалалардың сұлбасына көрік қосқанымен, олар Ережедегі шарттарға сай салынуы керек.
Ережеге сәйкес 8 балл және одан жоғары балдық сейсмикалық қауіп аймақтарында ғимараттың қабырғалары темірбетон монолиттен салынып, биіктігі 16 қабаттан аспауы керек. Ал монолитті тас қабырғалар болса 5 қабаттан, кірпіш қабырғалар 3 қабаттан аспауы тиіс. Дегенмен, Алматыда 16 қабаттан да биік монолитті ғимараттар, 3 қабаттан да биік кірпіш үйлер кездесетіндігіне ешкім күмән келтірмейді (ҚР ҚЖ 2.03-30-2017 Ережесі).
Жер сілкінісіне дайын болу тек ғимараттардың беріктігімен ғана шектелмейді. Сонымен қатар оған дейін және кейін жасалуы керек көптеген дайындық іс-шараларының кешенін жүзеге асырумен тікелей байланысты. Осындай негізгі шаралардың бірі ретінде сары сызықты қорғау аймақтарын айтуға болады. Сары сызық – құтқару техникасының, дәрігерлердің, өрт сөндірушілердің қираған немесе бүлінген объектілерге кіру жолдары және ықтимал үйінділердің шекаралары. Алайда, Алматыда дәл осы аймақтарда бірнеше жаңа ғимараттар тұрғызылған. Бұның себебі бірнеше жыл бұрын нысандарының жер сілкінісіне сәйкестігі тиісті өкілетті органдар тарапынан қадағалануы қажет.
«Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс» туралы ҚР ҚЖ 2.03-30-2017 Ережесіне (Ереже) сәйкес, құрылыс алаңдарын таңдау кезінде сейсмикалығы жағынан қолайсыз алаңдарда тұрғын ғимараттарды, өнеркәсіптік (өндірістік) кешендерді немесе жекелеген ғимараттар мен имараттарды орналастыру ұсынылмайды. Яғни, сейсмика «сары сызықтар» туралы норма Ережеден алынып тасталды, ал Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері жаңа объектілерді пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиядан шығарылды (Бирюкова, 2023). Сары сызықтарды есепке алмай салынған барлық ғимараттар мен кешендер жер сілкінісі жағдайында азаматтардың денсаулығы мен өміріне ықтимал қауіп төндіретініне белгілі. Сондықтан қала құрылысы кезінде «сары сызық» мәселесін міндеттеу қажет.
Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сейсмикалық қауіпті азайтумен айналысатын Сейсмология институты мамандарының айтуынша, Алматы аумағында сейсмикалық белсенді болып есептелетін және қаланың сейсмикалық аудандастыруының қорытынды картасына түсірілген
27 тектоникалық жарықтар өтіп жатыр. Құрылыс нысандары аталмыш жарықтардан 300 метр қашықтықта салынуы керек. Ал Іле тектоникалық жарығында, тіпті, 500 метр болуы керек (Төтенше жағдайлардан қорғау ұйымы, 2021). Алайда, қала территориясында жердің тығыздығына байланысты осы жарықтардың үстіне ғимараттардың салынғандығын Сурет 1-ден байқауға болады. Бұл жағдайда жер сілкінісі ережелерімен сәйкес деп танылған ережелер бұзылуымен қатар жер сілкінісі қаупі де артады. Себебі, тектоникалық жарықтың үстіне қаншалықты сейсмикалық төзімді ғимараттар салынса да, сол ғимаратқа үлкен қауіп төнетіні сөзсіз. Осы себепті құрылыс нысандарының төзімділігін жер сілкінісі тренажерының көмегімен сынауға болады. Сондай-ақ құрылыс жүргелі жатқан алаңдардың геологиялық және сейсмикалық жағдайларын алдын-ала зерттей отырып, салынатын ғимараттардың сенімді алаңда тұрғызылуы өте маңызды. геологиялық және сейсмикалық жағдайлары қатты едендерде болуы өте маңызды. Екінші жағынан, жер сілкінісі ережесіне сәйкес қолданылатын материалдардың беріктігі, инженерлік және басқа да құрылыс жұмыстары ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін арттыратын негізгі шаралар болып табылады.
Қорытындылай келе, жер сілкінісі аймағының тұрғындары осы қауіппен өмір сүруді үйреніп, оған қарсы төтеп бере алатындай құрылыс нысандарын салу керек. Осыған байланысты ең маңызды жұмыстардың бірі ғимараттарды паспорттау процесін тиімді жүргізу болып табылады. Паспорттау жер сілкінісі кезінде қауіп төндіруі мүмкін ғимараттарды анықтауға және кейін оларды нығайту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, мұндай құрылыс нысандарының жер сілкінісіне төзімділігі артады. Осыған байланысты, тиісті мекемелердің алдағы кезеңде кешенді жоспарлауы және шараларды, әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда және бүкіл республика бойынша күшейтуі жер сілкінісінен келетін шығынды барынша азайтуды қамтамасыз етеді.
Дереккөз:
1. Абаканов Т.Д., Михайлова Н.Н., Нысанбаев Т.Е., Ли А.Н., Полешко Н.Н., Аристова И.Л., Силачева Н.В., Калмыкова Н.А. (2009). 2003 жылдың 22 мамырдағы Луговой жер сілкінісі // Солтүстік Еразиядағы жер сілкіністері. – 284-293 бб.
2. Бирюкова Т. (2023). Қолыңызды Жердің пульсінде ұстаңыз. Сілтеме: https:// dknews.kz/ru/chitayte-v-nomere/276343derzhat-ruku-na-pulse-zemli. Қаралған уақыты: 08.03.2023.
3. 2016-2018 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені» бойынша Жол картасы.
4. Нерсесов И.Л, Сыдыков А, Нурмагамбетов А, Михайлова Н.Н. (1981). 1978 жылдың 25 наурызындағы Жалаңаш-Түп жер сілкінісі // Жер физикасы.– № 5. – 13-26 бб.
5. Нурмагамбетов А, Сыдыков А, Тимуш А.В., Хайдаров М.С., Власова А.А., Михайлова Н.Н., Сабитов М.М., Умирзакова А., Гапич В.А. (1996). 1990 жылдың 14 маусымдағы Зайсан жер сілкінісі // КСРОдағы жер сілкінісі. – 54-60 бб.
6. Нурмагамбетов А., Сыдыков А., Власова А., Краснова А. (1982). 1979 жылдың 25 қыркүйегіндегі Бақанас жер сілкінісі // КСРО-дағы жер сілкінісі.– 48-53 бб.
7. «Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс» туралы ҚР ҚЖ 2.03-30-2017 Ережесі
8. Тойшибекова А. (2018). Луговой станциясы. Жер сілкінісінен 15 жыл кейін. Сілтеме: https:// vlast.kz/story/28005-stancia-lugovaa-15-let-poslezemletrasenia.html. Қаралған уақыты: 08.03.2023.
9. Төтенше жағдайлардан қорғау ұйымы (2021). Алматы қаласының аумағындағы тектоникалық жарықтар – Алматы Бас жоспарынан сейсмикалық жарықтар картасы. Сілтеме: https://www.xnptbgks9a.kz/about-earthquakes/otsenka-obstanovki/item/194-tektonicheskie-razlomyopisanie-na-territorii-goroda-almaty-kartasejsmicheskikh-razlomov-iz-genplana-almaty. Қаралған уақыты: 08.03.2023.
10. Узбеков А.Н., Михайлова Н.Н. (2018). Орталық Қазақстанның сейсмикасы және осы өңірдің мониторингін дамыту бағыттары. // ҚР ҰЯО хабаршысы. – № 3. – 73-82 бб.
11. Шашкина А. (2023). Қазақстандықтар әртүрлі жылдары жер сілкіністерін қалай бастан өткерді. Сілтеме: https://kz.kursiv.media/2023-02-06/lnshhistory/. Қаралған уақыты: 05.03.2023.
12. Almaty.zagranitsa.com (2023). Дүрбелең жасамаңдар! Қазақстандағы жер сілкінісі туралы толық ақпарат. Сілтеме: https://almaty.zagranitsa.com/ article/2267/bez-paniki-vse-o-zemletriasenii. Қаралған уақыты: 08.03.2023.
Жандос Құдайбергенов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия институтының зерттеушісі. 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2011-2013 жылдары Хаджеттепе университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. Нәтижесінде, «Оңтүстік-Шығыс Азиядағы интеграциялық процестер» атты магистрлік диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2018 жылы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Менеджмент» мамандығына докторантураға түсті